Алматыда 40 жылдың ішінде алғаш рет жеңіл атлетикалық стадион салынды

14.09.2017 02:39

Алматыда соңғы 40 жылда болмаған атлетикалық стадион ашылды. 4 гектар аумақты алып жатқан алаң спортшылардың жаттығуына арналған. Ол Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің ықпалымен салынды. Стадионда бір мезетте жеңіл атлетиканың 47 түрімен айналысуға болады. Жоба құны 600 млн теңге. Салтанатты ашылуға қала әкімі Бауыржан Байбек пен демеуші болған кәсіпкерлер, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлер және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатысты. ¤


Бұл Алматының ажарына ажар қосқан жаңа жеңіл атлетикаға арналған стадион. Спортшылардың игілігіне берілген нысанның жалпы аумағы 4 гектар. Стадион «Алматы Арена» мұз сарайының артында орналасқан. Мұнда бір мезетте жеңіл атлетиканың 47 түрімен айналысуға болады. Ашық стадионда 100, 400 метрлік 6 жүгіру жолы, ұзындыққа және биікке секіретін алаңдар, ядро, диск, найзағай лақтыруға лайықталып жасалған аймақтар да қарастырылыпты. Шығысына жиналып, қайта жасалатын 300 орынды заманауи мінбе де бар.


«Біз жеңіл атлетикаға арналған үлкен стадионды ашып отырмыз. Менің естуім бойынша, соңғы 40 жылдың ішінде осындай стадионды бірінші рет ашып жатырмыз. Елбасымыз айтқандай, «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Біздің кәсіпкерлеріміз алматылық «Юником» компаниясы мен «Алонс» компаниялары 600 млн теңгеден астам ақшаны салып, үлкен алаңды ашты», - деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

 

¤Спортшыларды қуанышымен құттықтаған қала басшысы алдымен инвесторларға алғыс білдірді. Қолдау көрсетіп, қомақты қаржы құйған кәсіпкерлерге мұнымен шектелмесе екен деген игі тілегін де айтты. Ал қолы ашық жандар жеңіл атлеттерге арналған стадионның жоқтығын біле сала, жобаны бірден қолға алыпты.


«Елдің намысын қорғайтын спортшыларды қолдаудан біз тартпаймын. Ел дегенде жұмылуға әрқашан дайынмын. Бұл жобаның қаржысын екі кәсіпкер бөліп шығардық. Негізі жеңіл атлетикаға еш қатысымыз жоқ. Бірақ жеңіл атлеттердің жаттығатын стадионы жоқтығын білгенде, бейжай қарап отыра алмадым. Бәріміз біздің спортшылардың жеңіс тұғырына көтерілуін көру үшін жағдай жасауымыз керек. Стадионды еуропалық стандарттарға сай салдық. Жеңіл атлетикаға бұл үлкен көмек деп ойлаймын», - деді кәсіпкер Вячеслав БАНЩИКОВ.

 

¤Өз құттықтаулары мен тілектерін арқалап, шалғайдан спортшылар да арнайы келді. Оның қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова, Дәулет Тұрлыханов пен Бахтияр Артаев та бар. Ал жеңіл атлетика федерациясы стадионда алдағы уақытта мұнда көптеген қалалық жарыстар өткізілетінін де айта кетті.


«Стадионның ашылғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл жерде елдің абыройын асқақтатамын деген жас спортшыларға бар жағдай жасалған. Сапасы да керемет. Үлкен стадионда спортқа аяқ басқандармен бірге кәсіби мамандар да жаттыға алады. Өзім де енді осында келемін. Дәл осы жерден Қазақстанның туын көкке көтеретін Олимпиада ойындары мен әлемдік чемпионаттардың жеңімпаздары шығады деп сенемін», - деді олимпиада чемпионы Ольга РЫПАКОВА.

 

«Алматылықтарды шын жүрегімнен құттықтағым келіп отыр. Осындай керемет спорт алаңы салынып отыр. Ең бастысы, бұл бюджеттік қаражат емес, кәсіпкерлердің қаражаты. Пайдасы өте көп. Бұл жерден Ольга Рыпакова қарындасымыздың жолын қуатын қаншама қазақтың спортшылары шығады. Сондықтан да біз әрқашан тілектеспіз. Бұл бекерден болмайды. Ертеңгі күні 5 жылдан кейін, 3 жылдан кейін 20, 24, 28-ші жылдары осы алаңнан шықты десе таңғалуға болмайды», - деді олимпиада чемпионы ¤Бахтияр АРТАЕВ.

 

Спорттық шара Алматының спорт мектептері мен федерация спортшыларының бұқаралық флешмобымен және жарқын фейерверкпен жалғасты. Жеңіл атлеттер болса 100 метрге жүгірді. Айта кетейік, жуық арда Медеу ауданындағы «Халық Аренаның» жанынан да барлық халықаралық стандарттарға сай келетін 5000 орынды замануи жабық жеңіл атлетикалық стадион салу жоспарланған.


 

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы