Енді мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беретін мектепте оқымақ

26.10.2017 20:58

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар да жалпы білім беретін мектепте оқи алады. Алматы іс-сапармен келген Тамара Дүйсенова ақыл-есі дамымай қалған сәбилерді оқытатын, оларды мектепке дайындайтын жобамен танысты.

Ақыл-есі дамымай қалған бүлдіршіндерді дайындайтын орталықпен еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова танысты. «Балалар денсаулығы дамуының бұзылуына ерте атсалысу» атты жоба барысында мүгедек бала өсіріп отырған 520 отбасы маман кеңесін алып үлгерген. Орталық басшысының сөзінше, жобаға қатысқан жеткіншектердің  70-пайыздан астамы болашақта балабақша мен жалпы білім беретін мектептерде оқуға дайын екен.

«Бұл жобаның ерекшелігі – мүгедек балалардың құқығын басқалармен тең қылу. Жаңашылдық, ақыл есі дамымай қалған бүлдіршіндерді  мектепке дайындауға септеседі. Осы арқылы олар қарапайым мектепте білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға Италияның сарапшылары тартылып отыр. Олар туғаннан бастап аталған ауруға шалдыққан балаларға дұрыс диагноз қоюға көмектеседі», - деді  «Кеңес» жұмыспен қамту орталығының директоры Майра СҮЛЕЕВА. 

Сонымен қатар, министр «Алматы көпір құрылысы» мекемесінің жұмысшыларымен кездесті. Онда еңбек кодексі мен ұжымдық еңбек шартын сапалы түрде жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

«Әрбір жұмыс беруші азаматты жұмысқа алғанда тек қана оны қызметкер ретінде ғана емес, ертең оған әлеуметтік көмек қажет деп келісімшар жасау керек. Жалпы, осы өткен жылдың ішінде жұмыс берушілер осындай келісімшартты 60 мыңға дейін арттырды. Бүгінгі динамика дұрыс деп ойлаймын», - деді¤ ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.

Алматыға іс сапармен келген министр жұмыспен қамту орталығына да ат басын бұрды. Ондағы жаңа қызмет түрлерімен танысып, оң бағасын берді.  Енді, мүгедек жандар мен жұмыссыз адамдар атаулы әлеуметтік көмекті бір жерден ала алады. Осы уақытқа дейін қалада 80-ге жуық отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алған.  

«Бұл жерде отбасының ортақ табысы 1 АЕК-тен 50 пайызынан аспаған жағдайда, бізге өзінің өтінішін құжаттарын өткізе алады. Бұл жердегі мақсат – отбасындағы  жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтып, халықтың әл ауқатын, жағдайын жақсарту», - деді Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Зәуре ӘБІЛДАЕВА.

"Жұмыспен қамту орталықтарын көбейту арқылы жұмыссыздықты азайтамыз", - дейді министр. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қосымша жұмыс орындарын ашып, маман даярлау ісіне аса мән беру керектігін атап өтті. 

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы