Алматыда 457 мың адамның әлеуметтік мәртебесі белгісіз

Алматыда 457 мың адамның әлеуметтік мәртебесі белгісіз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтар әлеуметтік мәртебесін анықтауды сұрайды. Алматыда 457 мың адамның қандай статусқа жататыны белгісіз. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер жұмыспен қамту орталығына, ал бала күтіміне және өз нәпақасын еш жерде тіркелмей тауып жүргендер Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп анықтаса жеткілікті. Мұның бәрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жылдам әрі жеңіл жұмыс істеуіне қажет.

Алматыда 457 мың адамның әлеуметтік мәртебесі белгісіз. Осы ретте, оларға медициналық сақтандыру жарнасын кім төлейтіні де беймәлім. Сондықтан жұмыссыз әрі еш жерде тіркелмеген азаматтар қазірден бастап жұмыспен қамту орталығына барып, жұмысбастылардың қатарында емес екеніңізді айғақтайтын бір тілім қағаз алу қажет. Сонда ғана, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қаражатты мемлекет төлейтін болады. Мамандар, әйтсе де, орталыққа келушілердің саны былтырғыға қарағанда едәуір артты дейді. Ал нәпақасын  әр түрлі саладан тауып жүрген азамат не болмаса уақытша еңбекке жарамсыз болса халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзінің статусын нақтылап алса жеткілікті.

«Барлығы негізінен 17 мыңға жуық адам келіп хабарласты. Соның ішінде 4 мың 700-і жұмыссыз азаматтар. Қалған азаматтардың барлығы 8 мың 872 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. 2 мың 900-ге тарта адамды уақытша жұмыс орындары бар, әлеуметтік, қоғамдық және жастар практикасы соған қамтып отырмыз», - деді Жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Керімқұл ЖЕКЕТАЕВ.

Өткен айдан бастап, барлық жұмыс беруші мекеме өз қызметкерлері үшін жалақы мөлшерінің 1 пайызын төлей бастады. Ал келер жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі нақты іске көшпек. Ардагерлер, мүгедектер, көп балалы отбасы мүшелері мен бала күтіміне байланысты үйде отырған аналарға мемлекет тарапы төлейді. Тіпті, темір торға тоғытылғандар да есепке алынған. Ескере кетерлігі, жыл сайын сақтандыру соммасы өсіп отырады. 2023 жылға дейін қызметкер жалақысының 2 пайызын, ал жұмыс беруші жалпы кірісінің 3 пайызын қорға аударып отыруына міндеттелмек.

«Келер жылдан бастап «Egov» элетронды үкімет үйі арқылы қорға түскен ақшаны әр бір азамат қадағалап отыра алады. Қаржыландыру ортақ болып есептелінеді. Сондықтан сақтандыру қорына құйған қаржының аз-көптігіне қарамастан, ел азаматтарының барлығына бірдей медициналық көмек көрсетіледі. Егер емханада сізге қажетті ем түрі жеке клиникада ғана болса, тіркелген емханаңыздан бір нәрсені анықтап алғаныңыз жөн», - деді №5 емхана МКК бас дәрігердің орынбасары Гүлжанат БАЙЗАҚОВА.

Егер өзге өңірдің азаматы уақытша қалаға келіп жұмыс істесе, әуелі емханаға барып тіркеліп, содан соң өзінің әлеуметтік статусын анықтауы қажет. Сонда ғана қала кезіп жүретін қызметкерлер қажетті көмекті ала алады. Ал қыдырып келген жағдайда ақ халаттылардың көмегіне мұқтаж болсаңыз, барған ауруханаңызда жеке нөміріңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Еліміздің қай аймағында болсаңыз да, біріңғай базада тегіңіз тізімде тұрады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров