Алматыда Альфа банктің бөлімшесін тонағандарға қатысты сот басталды

13.09.2017 в 23:36

Алматыда «Альфа банктің» бөлімшесін тонағандарға қатысты сот процесі басталды. Қарақшылар қаржы орталығынан 65 миллионнан астам теңгені ым-жымсыз алып кеткен еді. Десе де, сот залында банк өкілдері ұрлықшылардың келтірген шығыны бұдан да көп екенін мәлімдеді.

 

Жаз басында қаржы орталығын у-шусыз тонауға қос қарақшы тыңғылықты дайындалған. Бірі қап-қаражат тұрған қоймаға көлік тұрағы арқылы беттесе, екіншісі -  яғни, сол банктің өз қызметкері сыбайласын бейнебақылау камерасына қарай отырып, телефон арқылы сейфке апарады. Еш кедергісіз қоймаға кірген Иван Жуков кассир әйелге қолындағы қаруын кезеніп, ақшаны сөмкесіне сала бастаған.


«Мен оған бұл жерге кіруге болмайды деп айттым. Кеудесінен итерген де жоқпын, тек жәй түсіндіріп шығуға нұсқадым. Сонда ғана оның қолында тапаншасы барын байқадым. Ол маған «егер тірі қалғың келсе, шетке тұр» деді. Осы кезде дабыл тетігіне қолымды создым, бірақ ол оны байқап қалып, «қозғалмай тыныш отыр» деп ескертті», - деді куәгер Перизат НҰРҚАСЫМОВА.

 

Қарақшылардың шабуылына қауіпсіздік қызметкерлерінің жетіспеушілігі оңынан келген. Кездейсоқтық па, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, 135 млн теңге тұрған қойма бірнеше күн бойы күзетсіз тұрған, деді банктің бұрынғы күзетшісі.


«Қойма тұрған жертөледегі 4 бекетті күзету маған тапсырылған. Бізде бір қызметкер жұмыстан шығып кеткесін, мені үстіңгі қабаттағы залдағы екінші бекетті күзетуге жіберді. Осы уақытқа дейін мен үш ауысымда жұмыс істедім», - деді куәгер Нұрмұхамед ЧОКАМАСОВ.

 

Десе де, қарақшылар «сыпайылық» танытып, қоймадағы қап-қаражаттың тек жартысын ғана алыпты. Олар 65 млн 310 мың теңгені қолды қылған. Бірақ қылмыстары әшкереленгесін ұрланған ақшаның бір тиынын қалдырмай қайтарып беріпті-мыс. Ал кейіннен банкте қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде тағы 300 мың теңге кем шыққан.


«Ақшалар сұр түсті алты қапқа оралған болатын. Ішінде біріңғай 10 мың теңгеліктер болды. Арасында 5 мың теңгеден бірнеше купюра бар. Бас-аяғы 65 млн теңге анықталды. Кейін көк және қызғылт түсті қаптар табылған еді. Олар 2 қапқа оратылған. Әр қайсысында 150 мың теңгеден болды», - деді банк кассасының меңгерушісі Оксана ПОБЕДНОВА.

 

Айыпталушылар «ақша жетіспейді» деген айыппен келіспеді. Бірақ күдіктілердің бірі, банктің бұрынғы қызметкері Максим Бескишкин

ақырында жомарттық танытып, бұл ақшаны да қайтарып беретінін жеткізді.


Атышулы іске байланысты келер аптада сөзталас өтеді. Сол отырыста қарақшыларға қашан үкім шығары белгілі болмақ.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы