Алматыда алғашқы қоңырауға бара жатқан 13 жасар баланы көлік қағып кетті

02.09.2016 22:42
Алматыда алғашқы қоңырауға бара жатқан 13 жасар баланы көлік қағып кетті. Оқыс оқиға Жангелдин және Андреев көшелерінің қиылысында орын алды. Соққының қатты болғаны соншалық жасөспірім бірнеше метрге ұшып, жол жиегіндегі бордюрге басымен соғылған. Ең сорақысы, жүгенсіз жүргізуші балаға көмек көрсетпестен, оқиға орнынан ізін суытуға асыққан. Ал, көлік қаққан бала өз күшімен үйіне барып, болған оқиғаны анасына жеткізіпті. Жасөспірімнің анасы дереу жедел жәрдем шақыртып, шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізген.

       

       

"Біз науқасты тексеріп, қажетті емді көрсеттік. Оның миы шайқалғаны анықталды және денесінде аздаған жарақаттар бар. Қазір баланың жағдайы орташа қалыпты деңгейде. Стационарға жатқыздық, шамамен 7 күндей ем қабылдайды",- деді Алматы қаласы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары, Николай ДЬЯЧЕНКО.  

Баланы қағып, әрмен қарай қатты жылдамдықпен жүрісін жалғастырған «Лада» темір тұлпарының иесі жақын маңда тұрған жекеменшік балабақшаның қақпасына соғылып бірақ тоқтаған. Абырой болғанда, бұл жерде зардап шеккен адам жоқ. Ал, ішкі істер қызметі өкілдерінің мәліметінше, жасөспірімді қағып, артынша балабақша қақпасына соғылған жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалыпты. Қазір осы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.