«Бізді махаббат емдейді». Алматыда Батырхан Шүкеновтің осындай атаумен жаңа әні мен бейнебаяны таныстырылды. Композиция 2014 жылы жазылған. Алайда әнді өңдеп, бейнебаянын дайындау тек үш жылдан кейін аяқталды. Жаңа туындының жарыққа шығуы әншінің 55 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Жүрек тебірентер туындының сөзін ақын Юлия Тен жазған болса, әуенін шығарған композитор Әлім Заиров. Жас сазгер Батырхан Шүкеновтің әндерін бала кезінен сүйіп тыңдағанын айтты. Бейнебаянды жарыққа шығарғандар оны отандық және ресейлік телеарналарда көпшілікке таныстыруды жоспарлап отыр.
«Мен Батырхан Қамалұлына әнді алып келіп тыңдаттым. Ол бірден әуенді ұнатып, әртүрлі кеңестерін берді. Екеуіміз бұл әнді жарыққа шығару үшін көп уақыт бірге жұмыс істедік. Әуелі бұл туынды тек әуен күйінде, яғни сөзсіз болды. Кейін Юлия Тенді шақырып сөзін жазуға қолқа салдық», - деді сазгер Әлім ЗАИРОВ.
Әннің сөзі мен әуені Батырхан Шүкеновтың өзінің бастамасымен толық дайын болғанда, композиция әншінің студиясында жазылған. Алайда, оранжировкасын жасау ұзаққа созылды. 2015 жылы Батырхан Шүкенов кенеттен қайтыс болғандықтан, әннің болашақ тағдыры тіпті белгісіз болған. Бірақ ұзақ үзілістен соң әншінің жанашырлары Шүкеновтің барлық тілегін ескере отырып, туындыны жарыққа шығарды. Жаңа бейнебаянда Батырхан Шүкеновтің жеке қорынан материалдар қолданылған. Айта кетсек, мамыр айының 24-інде Алматыда Батырхан Шукеновті еске алуға арналған ән кеші өтеді.