Еліміздегі білім ошақтарында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес күшейеді. Өйткені, соңғы үш жылда білім беру саласында 700-ге жуық жемқорлық фактісі тіркеліпті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Саналы ұрпақ» республикалық форумында белгілі болды. Шараға 2000-нан астам адам қатысты. Қатарында студенттер, жоғарғы оқу орындары мен жергілікті билік өкілдері бар. Форум аясында жемқорлыққа төтеп беретін кеңсе ашылды. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек орталық жұмысымен танысып шықты.
«Саналы ұрпақ» республикалық форумына жиылған көптің қарасы көп. Студенттер, ұстаздар қауымы мен елдің әр өңірінен келген жоғарғы оқу орындарының басшылары бар. Барлығын мазалаған сұрақ - білім саласындағы жемқорлықты жою. Шараға жиылғандар студенттер мен кураторлар арасындағы ашық, сенімді қарым-қатынастарды қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
«Алматы мектептерінде, колледждері мен университеттерінде 500 мыңға жуық жастар білім алады. Ел болашағы жастар десек, бүгінгі күні осы жастарымызбен жұмыста олардың бойында жемқорлыққа төзімсіздік таныту қағидаларын сіңіруге баса назар аудару керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, жемқорлықпен күрестің тиімділігі бүкіл қоғамның жұмылып, белсенді атсалысуына тікелей байланысты болмақ. Олай болса, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен ұстаздар қауымы болып қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру баршамыздың міндетіміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Елімізде жемқорлық ең көп тараған саланың бірі - дәл осы білім беру саласы екен. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының мектептері мен балабақшаларында жемқорлық өршіп тұрған көрінеді. Одан кейінгі көшті Солтүстік және Батыс Қазақстан облысы жалғауда. Шағын сыйлықтан бастап, қомақты қаржыға дейін пара алатындардың үстінен қылмыстық іс қозғалса да, араны ашылған ашкөздер саны азаймай тұр. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанның ең үздік жоғарғы оқу орындарының рейтингі жасақталмақ. Ол үшін жасырын сауалнама жүргізіледі.
«Біздің мәліметтерге сәйкес, білім беру саласында сыбайлас жемқорлық едәуір артқан. Елімізде соңғы үш жылда 687 жемқорлық фактісі тіркеліп, 226 лауазымды тұлға сотталды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың арасында 82 мектеп, 17 колледж директоры, 70 балабақша меңгерушісі, 29 бөлім басшысы мен облыстық білім басқармаларының басшылары бар. Қазақстан бойынша білім саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көбі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеледі», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.
Форум аясында «Саналы ұрпақ» жобалық офисінің тұсауы кесілді. Ол «Студенттерге қызмет көрсету орталығында» орналасқан. Мұнда тек жоғарғы оқу орнының тәлімгерлері ғана емес, барлық білім беру мекемелерінің өкілдері бас қосып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тығыз жұмыс жасайды. Яғни, мектеп оқушысынан бастап, қаланың барша жастары үшін де есік ашық. Тіпті, пара сұрағандардан қысым көргендерден де қоңыраулар қабылданады. Шағымдар расталса, шара қолдану үшін бірден тиісті органға жіберіледі.
«Бұл жобалық кеңсенің басты мақсаты - білім берудегі сыбайлас жемқорлықты жою және жемқорлыққа төзбеушілік тудыратын ортаны құру. Негізгі міндеттерімізге білім беру саласындағы сапаны жақсарту, әрі мамандардың адалдық қасиетін дамыту жатады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тетіктерді енгізу болып табылады», - деді «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Қарлығаш УСЕИНОВА.
Айтып өтсек, форумнан соң келген меймандарға Алматыдағы «Open Almaty» және Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысы таныстырылды. Былтыр ашылған қос мекемедегі мамандардың жұмысы көңіл көншітеді. Мәселен, арыз-шағымдарды қабылдап қана қоймай, өз кәсібін бастауға ниеттенген азаматтарға да кеңес беретін қоғамдық қабылдау орталығы осы уақытқа дейін 16 мың тұрғынның мәселесін қарастырып үлгеріпті. Соның 72 пайызы бірден шешілген. Ал Құқық қорғау қызметтері орталығы ашылғалы бері 4 мыңнан астам тұрғынға көмек беріпті. Қазіргі уақытта прокурорлардың кеңесіне күн сайын 200-ге тарта адам жүгінеді екен.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы