Алматыда Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды

12.10.2017 01:45

Алматыда Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, Виктор Ким мердігер компания өкілдерімен бірлесіп, 121 млн теңгені қолды қылған. Мердігерлер 2013 жылы жауын салдарынан су басқан үйлердің ауласын дереу қалыпқа келтіру керек болған. Алайда бюджеттен бөлінген қаражатты заңсыз иемденіп, жұмысты аяқсыз қалдырыпты. Тексеріс кезінде, аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Виктор Кимнің «жұмыс толық аяқталды» деген құжатқа қол қойғаны анықталды. Сот шешімімен ол 2 жылға қамауға алынған. Алайда рақымшылыққа ілігіп, жазасын енді шартты түрде өтейтін болады. Ал қос бірдей мердігер компанияның 3 өкілі 5 және 6 жылға абақтыға қамалды. Олардың мүлкі толық тәркіленді.


¤«Мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісім орындалмаған. Жұмыс аяқсыз қалған. Мердігерлерге жалған құжат бойынша ақша берілген. Сондықтан аудан әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол қызметін асыра пайдаланған деп айыпталды. Ал мердігерлер «аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемденді» деген бап бойынша жазаға тартылды», - деді  Алматы қаласы прокуратурасының басқарма басшысы Сәбит ШЕМБЕКОВ.