Елімізде 60 мың әскери қызметкер баспаналы болады

12.10.2017 в 01:46

60 мың әскери қызметкер келер жылдан бастап қоныс тойын тойлауы мүмкін. Депутаттар тұрғын үй мәселесін шешетін жаңа заң жобасын бірауыздан мақұлдады.  Жаңа құжатта әскерилерді баспанамен қамтамасыз етудің бірнеше тетігі көрсетілген. Қолданыстағы заң бойынша, қызметкерлерге пәтер жалдауға бөлінген қаражат картадағы есепшотына түсетін. Тәжірибе көрсеткендей, олар ақшаны өзге мақсаттарға қолданатын көрінеді. Енді жаңа заң жобасы бойынша, тұрғын үйге төленетін сома банктегі арнайы есепшотқа аударылып, соның есебінен жаңа пәтерге ие болу мүмкіндігі туып отыр. Зейнет жасындағы әскерилер де ұмыт қалмаған.


«Бұл заң жобасы көптеген проблемаларды шешуге бағытталған. Біріншіден, оның новелласы мынау - біздің көптеген қалашықтарда ардагер әскерилер бар. Күні бүгінге дейін тұрып жатыр. Зейнетақыға  тұрғын үй берілмей шығарылған болатын. Сондықтан бірінші солардың мәселесі шешілетін болады. Оларға бір жолғы ақша, яғни сол өңірдегі жаңа пәтерді құнымен өтеледі. Сондықтан келесі жылдан бастап осы проблемалар шешіле бастайды», - деді  ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат МҰХТАРОВ.


¤Бұл мәселеге еліміздегі екінші деңгейлі банктерді тарту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде олар өз ұсыныстарын әзірлепті. Ендігі кезек әскерилерде. Тек ұнаған пәтерлерін таңдап, қажетті құжаттарды дайындаса жеткілікті.