Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына жастарға арналған лофт-орталық ашылды

16.09.2017 03:29

Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына жастарға арналған лофт-орталық ашылды. Қаладағы жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы - консультативтік орын қана емес, практикалық бағыт-бағдар беру орталығы болады. Онда жастар кеңестер алып, сонымен бірге, білім және тәжірибелік дағдылар ала алады. Жаңадан ашылған орынмен қала басшысы арнайы танысып қайтты. Мұндай орталықтардың маңыздылығына да тоқталды. Аталмыш лофт-орындар мегополистің тағы екі жерінде бар екен.


«Осымен 3 орталықты ашып отырмыз. Жастардың жиналатын орындары қаланың әр ауданында болады.  Дәл осы жер қаладағы ең ірі лофт-орын болу тиіс. Біздің қала, жастардың мекені. Алматылық Тұрғындардың 45 пайыздан астамын жастар құрайды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.


¤Лофт-орталықта жастар кез келген ісімен айналыса алады. Мұнда түрлі қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Сонымен қатар, тегін ағылшын тілін үйренуге болады. Орталықтың дизайнын жасайтын компанияны халық ғаламторда дауыс беру арқылы таңдаған. Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланған еді. Бүгінгі лофт-орталық жол картасы бағдарламасы аясында жасалған. Жасалған бағдарлама аясында жастар практикасының квотасын арттыру жоспарланған, 6 мыңнан астам адам кәсіби дайындықтан өтеді, сонымен қатар, студенттік жатақханалар салынуда, «Тұрғынүй құрылыс» банкімен бірге ерекше бағдарлама  жасалып, соның арқасында жастар жеңілдетілген жүйе арқылы  жаңа пәтерге қол жеткізе алады.


«Бұның басты функционалдық жұмысының бірі - шығармашылық жастарды, интеллектуалды жастарды осы жерде тегін дүниелермен қолданып, өзінің ұшқыр ойларын іске асыруға. Сонымен қатар, бүкіл қаладағы активті, белсенді жастардың басын қосуға дағдыланған үлкен орта», - деді  Жастар орталығының басшысы Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ.