|
06.09.2016 | 15:15
4002

Алматыда дәстүрлі «Той қазан» фестивалі өтті

Алматыда дәстүрлі «Той қазан» фестивалі өтті


Алматыда дәстүрлі «Той қазан» фестивалі өтті. Айтулы шара бұл жолы биік шатқал Медеуде ұйымдастырылған. Бармағынан бал тамған аспаздар өзара сайысып, кім мықтыны анықтады. Ас мейрамының өтуіне алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы ұйытқы болған. Шара Алматының 1000 жылдығына арналды.

Бұрқ-сарқ қайнаған қара қазан, ошақты жағалай отырған аспаздар, қонақтарға қымыз ұсынған қырмызы қыздар. Медеу айдынында мұндай көріністі байқау - әсте сирек. Өйткені биылғы «Той қазан» фестивалі Алматының жақұтында тұңғыш рет кең көлемде атап өтілді. Бармағынан бал тамған аспаздар бар дәмдісін келушілерге ұсынып жатты. Дастарханға қазақтың ұлттық тағамдарынан бөлек, түрлі ұлт пен ұлыстың астары қойылған.



«Осы шара бастау алғанда біз түркі тілдес елдердің ас мәзірін жіті зерттей бастадық. Сөйтсек, тілі жақын елдер әзірлейтін тағамдардың 50 пайызы ұқсас келеді екен. Әзірленуінде ғана өзгешелік бар. Өйткені әр аспаз дайындайтын тағамына басқаша дәм бергісі келеді», - деді «Той қазан 2016» фестивалі мейрамханалар аллеясының ұйымдастырушысы Юрий ПААЛЬ.

Дәстүрлі шараға сыйлы меймандар да шақырылған. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек аспаздар әзірлеген тағамдарды тамашалап, олардың өнеріне жоғары бағасын берді. Қазір Алматыда 2 мыңнан астам дәмхана мен мейрамхана бар. Олар қалалықтар мен туристерге түрлі дәмдегі тағамдарды ұсынады.

«Осындай шаралар біздің қаламызда көп болуы керек деп ойлаймын. Ол біздің қаламыздың танымалдылығын арттырады. Сонымен қатар, біз Алматы облысымен бір агломерацияны құраймыз. Өткен аптада біз «Ұлы дала рухы» деген фестивалді өткіздік. Осындай шараларды жыл сайын өткізсек, Алматыға келетіндер көбейеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Биылғы «Той қазан» өзгешеліксіз өткен жоқ. Шара аясында көмейіне құмыр құс ұялаған әншілер арасында «Той қазан дауысы» сайысы ұйымдастырылды. Жарысқа іріктеліп алынған 10 қатысушының барлығы да әлеуметтік сала өкілдері. Бұдан бөлек, келушілер ойын-сауық бағдарламаға қатысты.

Мерекенің ең басты оқиғасы ретінде қаланың үздік шеф-аспазшыларынан ең дәмді етке байқау жүргізіліп, «Бауырсақ шоу» өткізілді. Сонымен бірге, фестиваль қонақтары «Ұлттық киімдер» жарысын тамашалады. Алаңға тігілген әткеншектерге отырып, спорттық сайыстарға қатысты. Таңғы 11-де басталған думан кешкі тоғызға дейін жалғасты.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир