|
06.09.2016 | 15:29
2078

Астана марафонында Мәсімов пен Жақсыбеков жүгіруден алдына жан салмады

Астана марафонында Мәсімов пен Жақсыбеков жүгіруден алдына жан салмады



Мәсімов пен Жақсыбеков жүгіруден алдына жан салмады. Кеше ғана Астанада өткен марафонның қорытындысы осыған дәлел. Ел премьері екі сағаттың ішінде 21 шақырымды бағындырса, Президент әкімшілігінің жетекшісі өз жасына сай жаңа рекорд орнатты. Бас-аяғы 28 елден 4 жарым мың адам қатысқан бұл жарыс қайырымдылық пен салауатты өмір салтын насихаттады. Таң алакеуімнен жұртшылықты жұмылдыра білді. Десе де, қала халқын да біраз әбігерге салғаны шындық. Сол жағалаудағы көптеген көшелердің жабылуы, уақытша қала өмірін тоқтатып тастады.



Түрлі түсті шұлық киіп, ғаламтор бетінде жиі сөзге қалатын ел премьері ерекше көңілді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ол біраз шендіні ертіп, Астана марафонына қатысты. Екі сағатта 21 шақырымды бағындырды. Ал, Астананың экс әкімі - 62 жастағы Жақсыбеков мырза тіптен бәрін басып озды. 42 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өткен.

«Марафонды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бәсеке деңгейі жақсы ойластырылған. Мемлекет басшысы спорттың дамуына ерекше мән беріп отыр. Сондықтан осындай марафон керек деп есептеймін. Бұл межені бағындыру мен үшін үлкен жетістік», - деді ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ.

Игі бастаманы Арыстанбек Мұхамедиұлы мен су жаңа министр Дәурен Абаев та қолдаған. Шама-шарқы жеткенше мәре сызығына дейін жүгіріп өткен. Игі бастаманы көпшілік қолдағанымен, қала қозғалысын алты жарым сағатқа тежеді. Басты көшелер жабылып, тіптен жедел-жәрдем көліктері де діттеген жеріне жете алмай қалды. Ал, астаналық тұрғын Мырзан Жетпісбаев тіптен сол жағалаудағы жұмысыма жету үшін төңіректі 1 сағат 40 минут айналшақтап жүруіме тура келді, дейді.

«Менің азаматтық пікірім, бізге марафон керек. Бірақ Астана жас болғандықтан, әлі дайын емес. Біз Алматы, Нью-Йорк емеспіз. Екіншіден, жол мәселесі. Қаланың ішіндегі емес, шетіндегі жолдарды пайдалану керек. Әуежайға баратын екі жол бар. Соларды пайдалану керек», - деді Мырзан ЖЕТПІСБАЕВ.

Соңғы уақытта твиттерде белсенді болып кеткен Кәрім Мәсімов бұл жағдай жөнінде парақшасында пікірін білдіріпті. Айтуынша, барлық тұрғындардың сыны орынды, ескертпелер қала әкімі Әсет Исекешеовке жеткізілген. Алдағы уақытта қала басшысы олқылықтардың орнын толтыруға уәде беріпті. Айта кетейік, өткен жексенбіде жаппай марафонға байланысты, елордада бірқатар көше жабылып, ондаған автобус бағдары өзгертілді. Өйткені, марафоншылар барлық үш аудан - Есіл, Сарыарқа және Алматы арқылы жүгіріп өткен. Рио Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Данияр Елеусінов, Елдос Сметов, Гүзел Манюрова, Фархад Харки де қатысқан.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир