Алматыда жанармай тапшылығы жойылды

10.10.2017 23:20

Министрлер кабинетінің отырысынан кейін Алматыда бензин тапшылығы бірден жойылды. Ұзын сонар кезекке тұрып, жанармай іздеген жүргізушілер талонсыз ақ бензин алып жатыр. Мәселен, Royal petrol жанармай құю бекетінде АЙ-92 маркалы бензиннің  бір литрі 153 теңгеге тұрақтаса, бұған дейін 165 теңгемен сатып келген Гаспромнефть компаниясы бағаны бүгін бірден 6 теңгеге түсіріпті. Sinooil-дың  жанармай құю бекеттерінде 92-нің бағасы 152 теңгеге саудалануда. 

«Жылдың басында АЙ-92 маркалы бензинінің бір литрі 128 теңге болса, қазір біз оны 155 теңгеден қуана сатып алудамыз. Елге бензиннің қымбаттағаны емес, оның  қайда бар екені маңызды болып кетті. Қарбаластан жанармайдың бағасы көлеңкеде қалды. Бұл тапшылық белгілі бір топтардың ықпалы арқылы жасалған. Сол арқылы баға көтерілді. Бұдан кейін таршылық болмай, қалыпқа келеді. Бірақ баға бұрынғыдай емес көтерілген қалпында қалуы ықтимал», - деді Қазақстан Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы  Эдуард  ЭДОКОВ.