Алматыда жас ғалымдарға пәтер берілді

18.01.2018 21:42

Алматыда ғылым саласына үлесін қосып жүрген 90-нан астам жас ғалымға Атлетикалық ауылдан баспана берілді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі ғылыми қызметкерлердің жағдайын жақсартуды осылайша қолға алыпты.  Жалпы ғалымдарға 120 пәтер үлестіру жоспарланған. Олардың дені жас мамандар. Тұрғын үйлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында сатып алу құқығы арқылы 20 жылға дейін жалға беріледі. Мұндай жеңілдіктің ерекшелігі - 40 жасқа дейінгі ғалымдарға кезексіз, баспаналы болу мүмкіндігі беріледі, әрі қарыз Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы үстеме пайызсыз беріледі.

«Осы көптен армандаған едім. Балам екеуміз қазір осы үйге кіріп отырмыз. Бақыттымын, үлкен алғысымды айтамын бүкіл жандарға, көмектесіп жүрген адамдарға. Әйтпесе, алдында алдында әке-шешеммен бірге тұратынмын.  20 жыл 46 мыңнан ол не?! Былай өзің алсаң кемінде 300 мыңдай төлеуің керексің», - деді Жалпы генетика және цитология институтының ғылыми қызметкері  Ләззат МҮСІРӘЛИНА.

Бүгінде еліміздің ғылым комитетінде 30-дан астам институт бар. Пәтерлер сол ғылыми институттарда еңбек ететін мамандарға үлестірілді. Іріктеу үшін арнайы комиссия да құрылыпты. Жалпы бұдан бөлек, қазір ғылыми гранттық бағдарламаларға жас мамандарды баулып, жобаларға конкурс жариялағанда қатысушылардың 30 пайызы жас ғалымдар болуы тиіс деген шарт та қойылған. Бұл ғылым саласын өркендетудің бағыттары болса керек.

«Стажы болса, сол институтта әрі қарай істейтін болса, ғылыми жобалармен айналысатындай болса, бұрын басқа жерде пәтері жоқ болса сондай адамдарды біз теріп-теріп пәтер бердік. Әлі де пәтер қажет жастар бар. Оларға да әрі қарай жалғастырамыз деп отыр министрлік», - деді Ө. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының директоры, пәтерлерді үйлестіру комиссиясы төрағасының орынбасары Амандық ТӨЛЕШОВ.