Алматыда жедел жәрдем көліктері жаппай сарғылт түске боялуда

03.05.2018 15:05

Алматыдағы жедел жәрдем көліктерінің барлығы жыл соңына дейін сарғылт түске боялады. Қазірдің өзінде қаладағы 10 санитарлық автокөлік жаңа талапқа сай жасақталып, сарғайып шыға келді. Жедел жәрдемнің жаңа дизайны қызмет сапасына қаншалықты әсер етпек? Жәрдем бригадасы шақыртуға расымен тез жете ме?

Биыл еліміздегі барлық жедел жәрдем көлігі лимон түске боялып, мынадай жарық шағылыспайтын қызыл элементтері пайда болады. Қазірдің өзінде Алматыдағы жауапты мамандар 10 көлікті жаңа талаптарға сай сарғылт түске бояп үлгеріпті, ал қалған 167-сін жыл соңына дейін жаңа түске алмастыруды көздеп отыр.

Дамыған елдердегі жедел жәрдем қызметіне сай, жаңа дизайнмен жарқын түске боялған бұл санитарлық көлікті Алматыдағы ақ халаттылар сынап көрді. Дәрігерлер Розыбакиев көшесіндегі шақыртуға жету үшін Жедел жәрдем станциясынан 2 көлікке бөлініп, бір мезетте шықты. Бір бригада ақ көлікке отырса, қалғаны лимон түсті машинаға мінді. Алайда, сигналының даусы қатты шығатын, әрі бірден көзге түсетін сарғылт түске боялған жедел жәрдем діттеген жеріне жылдам жетсе,  ақ түстегі көлік 5 минутқа кешікті. Шұғыл көмекке мұқтаж жандар үшін бұл кідірістің өзі кері әсерін береді, дейді ақ халаттылар.

Сараптамаға сәйкес, қанық түске боялған жедел жәрдем көлігі басқа көліктерге қарағанда бірден көзге түсетін көрінеді. Соның арқасында тас жолдағы тізгіншілер оларға бірден жол береді екен. Десе де, жедел жәрдем қызметкерлері арнайы техниканың дабылы мен түсіне де бей-жәй қарайтын жүргізушілер көбейіп кетекеніне қынжылуда.

«Көбінесе жібермейді, кей жүргізушілер бар жібереді. Кез келген уақытта кептелісте көп тұрып қаламыз. Кешігіп келетін кездер болады», - деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Мұрат ЕСЕНБАЕВ.

2 миллионға жуық халық тұратын Алматы қаласында жедел жәрдем қызметіне күніне екі жарым мыңға жуық шақыртулар түседі. Медиктер бірінші категориялы шақыртуға15 минутта жетуі керек. Бірақ көлік кептелісі мен жүргізушілердің жол бермеуі кесірінен алғашқы көмек көрсетушілер жарты сағатқа дейін кешігеді екен. Сондықтан биыл қаладағы халық көп тұратын аумаққа қосымша модульдік подстанциялар қою көзделіп отыр.

«Біз қосымша қазір тағы да модульдік подстанцияларды қою жоспарлап отырмыз. Яғни, бүгінгі күні біздің ең алыс баратын жедел жәрдем машинасының баратын жері 18 км-ге дейін болатын болса ұзақтығы, сол қойылатын модульдік подстанциялардың арқасында 7 км-ге дейін бару ұзақтығы азайып 10-15 минуттта жету мәселесін жету жолын біз қарастырып жатырмыз. 21 жерге қойылайын деп отыр. Биылға жоспарымыз бар», - деді Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Сәбит ПАЗЫЛОВ.

Бүгінде Алматы қаласында шұғыл көмек көрсететін 177 автокөлік жүрсе, 700-ге жуық ақ халатты науқастарға қол ұшын созады. Десе де, маман тапшылығы бар, деді басшылық. Өйткені, дәрігерлердің көбі тәжірибе жинаған соң, өзге қызметке ауысып кететін көрінеді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан фельдшерлерге қоқан-лоқы көрсету деректері де орын алады екен. Мәселен, биылдың өзінде жедел жәрдем қызметінің 3 дәрігеріне шабуыл жасалған.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы