Алматыда жерасты өткелдері жаппай күрделі жөндеуден өтіп, шетінен қолданысқа беріліп жатыр. Бұл жұмыс жаз соңына дейің толық аяқталады. Қараусыз қалып, қоқысқа қақалған өтпелі жолдар қазір адам танымастай өзгеріп, дүйім жұртты сүйсінтті.
Осыған дейін тас қараңғы қапасқа айналып түнгі уақытта жүруге қауіпті болған жерасты жолдары шынында да, түбегейлі өзгерген. Оған қоса, еліміздің мәдениеті мен дәстүрін, әдебиетін дәріптейтін суреттер қабырғаларға өрнектеліп салынған.
Енді Абай мен Абылайхан бұрылысындағы өткелден өткенде Ұлы ақынның қара сөздері мен 10 шақты өлеңінен үзінділер оқи жүресіздер! Ал Абай мен Достық даңғылындағы нысанда қазақта «Жеті қазына» саналатын жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, қыран бүркіт те бейнеленген. Мұндай ерекше идея көпшілікті тәнтті етті. Ал халық арлы-берлі өткен сайын жарық үнемдейтін шамдар қосылады.
Қала тұрғындарының пікірін білгіміз келіп, сөзге тартқанымызда, «Өте жақсы суреттер салып қойыпты. Енді барлық жерасты өткелдерінде осылай жасаса, тамаша болар еді. Жердің асты бұрын сасып тұрушы еді, қазір жақсы көңіл күймен кіретін болдық, самал жел соғып тұрады» деп, ризашылықтарын білдірді.
Одан бөлек, жаңартылған жерасты өткелдерінде тегін wi-fi, ақылды жүйеге қосылған сезгіш бейнебақылау камералары орнатылған. Ол өткел ішін 24 сағат бойы бақылайды. Аудандық Ішкі істер басқармаларына тікелей жалғанған камера ақпаратты онлайн режимде таратып отырады. Тәртіп сақшылары бұл заң бұзушылықтан барынша сақтап, нысанды вандалдардан қорғауға көмектеседі дейді.
Айтпақшы, өрт қауіпсіздігі де ескерілгендіктен, жерасты өткелдерінің төбелері жанбайтын материалдан жасалған екен.
«Жерасты өткелдерінде бұрын камералар жоқ болатын. Қазіргі жоба бойынша, оларды қолданысқа берерде бейнебақылау камералары бірден Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне қосылады. Сондай-ақ, айналаны абаттандыру да қарастырылған. Отырғыштар қойып, жайлы жағдай жасалады», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық Көріктендіру бөлімінің басшысы Әкімхан ТӨЛЕГЕН.
Ал бұл жыл басында, яғни 2018 жылдың 22 ақпанында түсірілген бейнекадрлардағы ескі жерасты өткелі. Осыған дейін жерасты өткелдері сататын тағамдары санитарлық нормаларға сай келмейтін сауда орындарынан, ал кейбіреуі тіпті, қоқыстан көз ашпай тұратын. Өткелдердің жағдайына алаңдап, жұрт арнамыздан сан мәрте көмек те сұраған еді. Жұрт жерасты жолдарында жарықтың жоқтығын, жарық орнатылған күннің өзінде, шамдарды бұзақылардың сындырып кететінін айтып, налыған еді. Жұрт қолқаны қабатын жағымсыз иістен қашып, амалсыздан бастарын қатерге тігіп, көшені қақ ортасынан қиып өтуге мәжбүр болатынын да айтқан болатын. Әсіресе, кешкілік жұмыстан қайтқандар жандарын шүберекке түйіп өтетін.
Енді жағдай өзгерді. Қала тынысының ажырамас бөлігіне айналатын бұл нысандар халықтың сүйікті жеріне айналары сөзсіз. Өйткені, Алматының жерасты өткелдерінде құлақ құрышын қандырар әуезді күй күмбірлейді.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы