Жаутаңдаған жанарлар қуанышқа бөленді. Алматыдағы 180 жетім бала қаладағы ең ірі ойын сауық паркінде қыдырып қайтты. Тәуелсіздікке тарту жасағысы келген жомарт жандар ойнау құны қымбат орталыққа балаларды тегін кіргізді.
Биікте арқанмен жүру, жоғары жылдамдықты мотоциклмен жүйтку, жоғарыдан құлдилау сынды ойын орталығына әдетте бір баланың кіріп-шығуы бес мың теңгеден кем емес. Қаладағы ондай ірі аттракционға қорғансыз бала тұрмақ, ұл-қызын әкелуге жәй ата-аналардың да қалтасы көтере бермейді.
«Жетім балалар, интернат үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш силауды қашанда көкейден шығармаймыз. Ондай қайырымдылық шараларын жергілікті әкімдік, партиямен бірлесе отырып ұйымдастыруға қашанда қарсы болмаймыз»,- деді Кәсіпкер, Рустам АГЕЕВ.
Қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі - жетімдер. Ата-ананың қадірін тым ерте түсінген бұл балаларды сырттай қарағанда жалғыз өсіп жатыр дегенге қимайсын. Мейірім мен махаббатқа зәру жаутаңкөздердің арасында бұндай жерге алғаш келіп тұрғандары да бар.¤
Орталықта 120-дан астам ойынның түрі мен 12 ірі спорттық аттракцион бар. Бала тұрмақ ересек адамның көзін қызықтырып, өзіне тартатын ойын орталығының басшылары Тәуелсіздік мерекесіне орай 180 баланы тегін ойнатып, тамақтандырды.
«Тәуелсіздік үлкенге де, балаға да ортақ қуаныш. Осы өтіп жатқан акция осы балалардың күлкісімен нұрланып, мерекеден мерекеге жалғасып жатыр. «Нұр Отан» партиясының 12 бағдарламасы бар. Соның төртеуі осы өскелеу ұрпаққа арналған»,- деді «Нұр Отан» партиясы алматы қалалық филиалының баспасөз хатшысы, Қайым-Мұнар ТАБАЕВ.
Түрлі тақырыпта ой толғауға ақылы еркін жетіп тұрған балалардың барлығы тұл жетім емес. Көзі көлдіреп, шашы желбіреп өсіп келе жатқан балалардың көбі тастанды. Құшағындағы құлынынан жеріген қатыгез ана мен мейірімсіз әкенің ынжық әрекетін, бере алмаған жылуын мемлекет пен қайырымды жандар арқалап келеді. Ал елімізде қазір бұндай балалардың саны 34 мыңға жуықтайды екен.
Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы