Алматыда жыл соңына дейін 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады

Алматыда жыл соңына дейін 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде отандық өнімге сұраныс артуда. Алматыда жыл басынан бері 5 кәсіпорын іске қосылған. Бұл тек «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында жүзеге асқан жобалар. Жыл соңына дейін, бизнес өкілдерінің ашқан зауыттарындағы тұрақты жұмыс орындарының саны 2 мыңға жетеді деп күтілуде. Іске қосылған кәсіпорындардың басым бөлігі қандай тауар өндіреді? Жергілікті биліктің қолдауы қаншалықты септігін тигізуде?

Іске қосылғанына небәрі бір ай ғана болған бұл зауытта қазір 8 түрлі шұжық өнімі шығарылады. Құрамындағы қажетті шикізат – толығымен отандық тауар. Күніне кем дегенде 100 келі өнім дайындалады. Болашақта тұшпара, мәнті, ет қосылған варениктер секілді 30-ға жуық ас жасалмақ. Өндіріс орнының салынуы мен іске қосылуы – Үкімет бөлген субсидияның, жергілікті биліктің әкімшілік кедергілерді болдырмау үшін көрсеткен қолғабысының арқасы дейді бизнесмен.

«Мемлекеттің қолдауы болмағанда, мен бұл өндіріс орнын іске қоса алмайтын едім. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 35 миллион теңге несие алдық. Оның пайыздық мөлшерлемесінің тең жартысы субсидия арқылы өтеледі. Бұл бізге үлкен қолдау. Сондай-ақ, «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында зауытты салуда, инфрақұрылымды жүргізуде құжаттық кедергілер кездеспеді. Қазір он шақты адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта кәсіпорынға 30 шақты маманды тартамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді кәсіпорынның бас директоры Қайрат ЖҰМАНОВ.

Жүзеге асып жатқан жобалардың басым бөлігі тамақ, машина жасау, агрөнеркәсіптік кешен, құрылыс индистриясы, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, металл мен ағаш өңдеу және химия өнеркәсібі саласы. «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде осы жылдың екінші тоқсанында кәсіпорындар 48 миллиард теңгенің тауарын өндірген. Ал одан қазынаға 3 миллиард теңгеге жуық салық түсіпті.

«Бүгінгі күні индустриалды-иннновациялық даму бағдарламасы шеңберінде, кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 109 жоба іске асырылуда. Оның 47 жобасы бүгінгі күні іске қосылды. «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде жүзеге асырылған кәсіпорындар қазіргі күні Алматы қаласында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, басқа да мемлекеттік сатып алулар сияқты жұмыстардың алдыңғы легінде қарастырылады», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Дарқан САҒЫНБЕКОВ.

Жыл соңына дейін 65 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Оның ішінде, 1 миллиард теңгені құрайтын 5 кәсіпорын өз жұмысын бастап кетті. Онда бүгінде 90-ға жуық адам еңбек етуде. Іске асырылу сатысында 16 жоба бар. Алдағы уақытта 2 мыңға жуық адам «екі қолға бір күрек» табады деген сөз.  


Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров