Алматыда экс-судья соттағы соңғы сөзін айтты

Алматыда экс-судья соттағы соңғы сөзін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шешімінен ши шығып, істі болған экс-судья Өмірзақ Серімов соттағы соңғы сөзін қысқа қайырды. Бар-жоғы бес минутқа созылған сот мәжілісінде ол өзін ақтауды сұрады. Айтуынша, бұл істе оның еш кінәсі жоқ. Сондықтан артылған қос айыпты мойындамаймын, дейді.

Алдыңғы сот отырысында үйін қорғамақ ниетте өзін өртеп жіберген марқұм Светлана Тұрғанбаеваның қызы экс-судьямен келісімге келгенін айтты. Өйткені, айыпталушы Өмірзақ Серімов даулы баспананы көп балалы отбасыға сатып алып беруді уәде еткен. Тек құжаттарды жасауға әлі 3 аптадай уақыт қажет көрінеді. Жәбірленуші тарап оны да күтуге дайын. Дегенмен, 100 шаршы метрлік үй үшін анасының көз жұмғаны еске түскенде, судьяны кешіре алмаймыз деп отыр. Сондықтан басқа төлемақы талап еткен жоқ. Соңғы шешімді соттың құзырына қалдырды.

Есте болса, бұл оқиға 2010 жылы орын алған еді. Алматылық Светлана Тұрғанбаева тірнектеп жинаған ақшасына баспана сатып алады. Бірақ ол кезде отбасы үйдің құжаты дұрыс еместігінен бейхабар болған. Кейін ол баспананың мұрагері бар екендігі анықталады. Ал Алатау ауданы сотының бұрынғы судьясы Серімов мұрагердің бар екенін ескерместен шешім шығарған. Содан кейін  сот орындаушылары көп балалы отбасыны үйді босатуды талап етіп, әурелеген. Әділдік таппай шырылдаған келіншек тура баспананың табалдырығында өзін өзі өртеп жіберді.


Новости партнеров