Алматыда ерекше балаларға арналған ойын алаңдары ашылуда

31.07.2018 16:36

Алматыда Ботаникалық бақта ерекше балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Алаңқайдағы барлық әткеншек, белтемір және спорттық құрылғыларда мүгедектер арбасының көтерілуіне арналған пандустар орнатылған.

Бұл биыл Бостандық ауданында ашылған сегізінші инклюзивті ойын алаңы. Оның бесеуі бюджет қаржысымен аула ішінде салынса, үшеуі демеушілердің көмегімен тұрғызылған. 

«Бостандық ауданында осымен сегізінші инклюзивті алаң салынып тұр. Қазір аудандағы 60 аула жөндеуден өткізіліп жатыр. Сол аулалардың ішінде 5 инклюзивті алаңдар да салынуда. Бірі Тұңғыш Президент паркінде, енді бірі Макдональдс қасында, ал енді міне, Ботаникалық бақта орналасқан, мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай жағдай жасалып жатыр», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Маржан БАЛБАЕВА.