Алматыда ірі бизнес орталықты тонағандар тұтқындалды. Полицейлер 4 күдіктіні қолға түсірген. Барлығы шығыс өңірдің тумалары. Олар ұрлыққа бармас бұрын, кеңселерге клиент ретінде келіп, іші-сыртын толық зерттеген. Сөйтіп, түнгі уақытта әккі әрекеттерін жүзеге асырған. Қазір олардың 16 рет ұрлық жасағандары анықталды. Ұсталған күдіктердің барлығы осыған дейін істі болғандар.
«Тінту жүргізу барысында 2 автокөлік, яғни қылмыстық жолмен табылған екі автокөлік тәркіленді. 45 мың АҚШ доллар ақша тәркіленген болатын. Қазіргі таңда қылмыстық дәйекті заттардың барлығы қылмыстық істің құрамына тіркеліп тергеушілердің жіті назарында. Бұрын-соңды осы қылмыстық топтың адамдары бірнеше рет сотталған. Олар туралы біз біраз ақпарат жинай келе олар бұрын пәтер ұрлығымен айналысқан көрінеді», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
¤Қылмыскерлердің қолды еткен қаржысы 100 миллион теңгеден асып кеткен. Қазір олар уақытша тергеу абақтысына қамалды. Баукеспелердің басқа да сыбайластары болуы мүмкін. Олар 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.