Алматыда «Каникул» жедел алдын алу шарасы барысында 400-ден астам жасөспірім ұсталды

Алматыда «Каникул» жедел алдын алу шарасы барысында 400-ден астам жасөспірім ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Каникул» жедел алдын алу шарасы аяқталды. Қалалық полицейлер екі апта бойы түнгі уақытта ойын клубтары мен ойын-сауық орындарын тексеріп шыққан. Осы уақыт аралығында инспекторлар аудандық Ішкі істер басқармасына әр түрлі құқықбұзушылық әрекеті үшін 442 жасөспірімді жеткізген.

Бұл кәмелет жасына толмаған жеткіншектер достарының туған күнін атап өту үшін жиналыпты. Түрлі сусындардан бөлек, дастарханда ішімдік те қойылған. Бас қосқандардың арасында жетеуінің жасы 18-ге толмаған болып шықты. Ал дәмхана әкімшісі әдеттегідей одан бейхабармын деп басын алып қашты.

«Мен білген жоқпын. Құжаттарын тексермедік. Олар кешкі сағат 9-да келді. Бізден тек төрт сусын алды. Мен неге тапсырыс бергендерін көрсете аламын. Ал арақты қалай алып кіргендерін білмеймін», - деді  дәмхана әкімшісі Зарина МҰСАЕВА.

Инспекторлар жасөспірімдерді Түрксіб ауданының Ішкі істер басқармасына жеткізді. Кейіннен алкотестермен тексерілген соң, ата-анасы шақыртылып, үйіне жіберілді. Оларға 7 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Одан бөлек, дәмхана иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Осыған байланысты іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотына жолданады.

Тәртіп сақшылары компьютер клубтарын да тексерді. Түнгі сағат бір болғанына қарамастан, инспекторлар ойын залында 13 жасар жеткіншекті кездестірді. Оны мұнда ағалары ертіп әкелген. Ал жеткіншектің өзі Алматыға Түркістаннан апасымен еріп келген.

Апасы сенімхатты көрсеткен соң, инспекторлар баланы қолына тапсырды. Дегенмен, айыппұл салынды. Ал материал ювеналды сотқа жолданды. Компьютер клуб басшылығы да жауапкершілікке тартылады.

Полицейлер тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды да аралады. «Жұлдыз-1» ықшамауданындағы 5 қабатты пәтерге бас сұқты. 

Бұл үйде үш балалы отбасы күн кешеді екен. Соның бірі 11 жастағы жеткіншек сабақты жиі қалдыратын болып шықты.

«Қолайсыз отбасыға байланысты барлық жадағаттар Түрксіб аудандық балалар құқығын қорғау комиссияға жіберілді. Алдағы уақытта біз жұмыс жасаймыз және осы уақытқа дейін бірнеше профилактикалық шара жүргізіліп отыр. Үш балаға қатысты, енді, келесіде баланың оқу орны және тұрғылықты орнын анықтайтын боламыз», - деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық ІІБ аға лейтенанты Айжан ҚАНАТОВА.

Дөнентаев көшесіндегі 4 адам тұратын қуықтай үйдің іші адам көргісіз. Тіпті олардың бәрі мұндай жағдайға ащы судың салдарынан тап болғанын жасырмайды. 32 жастағы екі баланың анасы отбасыны қамту үшін көлік жуатын жерде жұмыс істеймін дейді.

Кезекті түнгі рейд барысында аудандық полиция басқармаларына ата-ананың қарауынсыз бейсауат жүрген 70 жасөспірім түсті.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров