Алматыда кәсіпорындар бухгалтерлік есептерін онлайн түрде тапсырмақ

06.03.2018 09:52

Енді кез келген компания, кәсіпорын, тіпті пәтер иелері кооперативтері бухгалтерлік есептерін онлайн түрде тапсыратын болады. Алматы қаласы статистика департаменті қағазбастылықтан арылтатын жаңа жүйеге ауысуда. Қазірдің өзінде есеп тапсырған респонденттердің 60 пайызға жуығы электронды түрде өткізген. Департамент мамандарының сөзінше, онлайн жүйе алдымен уақытты үнемдеуге септеседі. Сонымен қатар, онда барлығы автоматтандырылған. Яғни, арифметикалық және логикалық қателерді бірден көрсетіп отырады. Аталған жаңашылдық «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілуде.

«Онлайн арқылы үйінде отырып, ешқайда шықпай, жұмыс орында отырып, бізге келмей тапсыра беруге болады. Ол жерде күннің қай уақытына да қарамай, кешкісін болсын, ерте босын, демалыс күндері де, мейрам күнінде де өздерінің есептемелерін тапсыруға мүмкіндік бар», - деді Алматы қаласы статистика департаментінің бас маманы Жанна СҰЛТАНҒАЗИЕВА.