Алматыда халықаралық джаз мерекесі басталды

Алматыда халықаралық джаз мерекесі басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық джаз мерекесі басталды. Фестивальдің ашылуында Израильден келген Йоджев Шетрит триосы және венгриялық Барна Пели өнер көрсетті. Сондай-ақ биылғы фестивальде Германияның FAVO тобы мен Франциядан келген квинтет тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Айта кету керек, шараға шымкенттік джаз тобы алғаш рет қатыспақ.

«Мен осында өз альбомымның тұсауын кеспекшімін. Осы фестивальде болғанымызға өте қуаныштымыз, әрі толқып та тұрмыз. Алматыдағы джаз тыңдармандары бізді жылы қарсы алуда, әрі жыл санап олардың саны көбейіп келеді», - деді музыкант Йоджев ШЕТРИТ (Израиль).

Фестивальдің екінші күнінде атақты итальяндық сырнайшы Нэлло Сальца жергілікті музыканттармен бірге өнер көрсетеді. Ал қазақстандық ұжымдар Almaty Jazz Youth Band оркестрі, Nasia from Asia және Atman тобы үшінші күні тыңдарманды қуантпақ. Австриялық дуэт Sinfonia de Carnaval да фестивальдің үшінші күні сахнаға шығады. Сонымен қатар, бағдарлама аясында музыканттардың дәстүрлі шеберлік сағаттары өтеді. Еске сала кетейін, алғаш рет Алматы джаз мерекесі 2002 жылдың көктемінде өткен болатын.

«Қазір джаз әлемде танымал боп келеді. Оның түп тамыры Америкадан басталады. Джаздың бағыты көп, мәселен, Еуропалық джаз мүлдем басқаша.  Қазір біздің елімізде де джаздың дамып келе жатқандығы қуантады. Алматыда 17 рет ұйымдастырылған Халықаралық фестиваль биыл да жоғары деңгейде өтіп, тыңдарманның көңілінен шығады деген ойдамыз», - деді халықаралық джаз фестивалінің менеджері Қарлығаш МАҚАТОВА.


Новости партнеров