Алматыда кірістер департаментінің 15 қызметкері қатаң сөгіс алды

04.01.2018 14:00

Жат қылық жарға жықты. Алматы қаласы кірістер департаментінің 15 қызметкері қатаң сөгіс алып, кейбірінің тіпті лауазымы төмендетілді. Оған аталған сала мамандарының «зың-зың» әніне пародия жасап, клип түсіргендері себеп болып отыр. Бұл қалалық мемлекеттік қызметшілердің абыройына нұқсан келтіретіндігін ескерген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті салықшыларға қатысты шара қолдануды ұсыныпты. Дегенмен, мемлекеттік қызметшілердің "туындысы" әлеуметтік желіде кең тарап кеткен.

«Тәртіптік коммисия да бұл жағдайды қарап, 15 қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде осы клипты таратқан кісінің лауазымы төмендетілді. Басқарма бастықтары мен бөлім бастықтарына қатаң сөгіс жарияланды. Осындай клип кірістер департаментінің Медеу ауданын бойынша да желіде жүр. Осы екі факті бойынша келесі 2018 жылы Алматы қаласының этика кеңесінде қаралатын болады», - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшысы Айгүл БАЙХАНОВА.

Мұндай жағдай тағы да қайталанса, онда қызметкерлердің жұмыс орын босатуларына тура келеді. Бұдан бөлек, жаңа жыл қарсаңында сый-сияпат алған мемлекеттік мекемелерге рейд жүргізілген еді. Нәтижесінде 30 мекеменің екеуінде заң бұзушылық анықталған. Айта кетейік, мемлекеттік қызметкер соммасы  екі айлық есептік көрсеткіштен  асатын сыйлық алса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.