Алматыда коммуналдық қызмет құны көтерілмейді

26.04.2018 00:51

Алматыда коммуналдық қызмет тарифтері өспейді. Қалалық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері осылай деп мәлімдеді. Айтуларынша, электр, су және кәріз жүйелерін реттейтін компаниялар қызмет бағаларын көтеру туралы өтінім беріпті. Бірақ жауаптылар оны ұлғайтуға негіз таппаған. Мысалы «АлматыЭнергоСбыт» мекемесі өткен жылдан бастап электр қуаты тарифін он алты теңге 36 тиынға  қымбаттатқан. Бұл өзгерісті энергия беруші ұйымдардың қосымша қызметтерінің өсуімен байланыстырып отыр. Бағаны арзандату үшін әкімдік пен «Самұрық Энерго» арасында уағдаластыққа қол жеткізіліп, қалаға сатып алынатын электр энергиясының бағасы бір жарым миллиард теңгеге азайтылды. Тиісінше тарифтің өсуі 1 жарым  пайызға тоқтатылған.

«Бізге биыл наурыз айында «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы, «АлматыСу» компаниясы сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, электрмен жабдықтау қызметтері бойынша өз тарифтерін көтеруге өтініммен жүгінген болатын. Бірақ біздің департамент осы өтінімдерді егжей-тегжейлі қарап, талдау жүргізіп, осы биыл суық су, кәріз жүйесі, электр жүйесіне тарифтерді көтеру болмайды деп болжамдап отырмыз», - деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Бауыржан ҚАЙЫРБЕК.

Ал «АлматыЭнергоСбыт» компаниясына электр қуатын заңсыз өшіргені үшін 29 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Департамент таратқан мәліметіне сәйкес, аталмыш компания үстінен әкімшілік іс қозғалып, салынған 29 миллион 304 мың 424 теңгені  толығымен өтепті.