Алматыдағы «Южный» саябағы бес аумақтан тұрмақ

26.04.2018 00:58

Алматының саябақтарына сән кіреді. Осыған дейін қала басшысы Бауыржан Байбек «Южный» саябағының жобасына өзгеріс енгізіп, соңғы тенденциялар мен тұрғындардың пікірін ескеруді тапсырған болатын. Ең бастысы - жасыл желек қоры бәз қалпында сақталады. Қазір аталған аумақта құрылыс жұмыстары жасалып жатыр.

Тұрғындар соңғы күндері мұнда жиі келетін болған. Қазірдің өзінде оларды сәулетшілер деп қаласың. Себебі саябақ жобасына өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтуға ерік берілген. Енді оларды  «Южный» саябағында қандай архитектуралық нысандардың салынатыны қызықтырып жүр.

«Жобаны орындау үшін тұрғындардың пікірі маңызды. Олардың қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Барлық нұсқалары мен ұсыныстарын ескереміз. Қаржы мәселесіне араласа алмауы мүмкін. Бірақ қалған шаралар белсенділердің қатысуымен өтеді», - деді жобалау компаниясының директоры Ерген ҚАППАРОВ.

Жаңартылған саябақ бес аумақтан тұратын болады. Олар: спорттық, орталық, ойын алаңы, техникалық және еркін демалыс аймағы. Сонымен қатар, үй жануарларын қыдыртатын орын да қарастырылмақ.

Бірақ иттерін серуендету үшін тұрғындар негізгі талаптарды ұмытпауы керек. Қарғыбау, тұмылдырықтың болуы міндетті. Бұл мәселе бойынша да әлі де талқылау жүріп жатыр. Саябақты жобалауға жергілікті бюджеттен бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.  Алайда қала басшысының тапсырмасымен соманы оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жөндеуден өту керек 15 бақтың  бесеуі биыл жаңа кейіпке енеді.

«Южный» саябағымен қатар, биыл тағы 5 саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қараша айының соңына дейін барлығы аяқталуы тиіс. Бір айта кетерлігі, жөндеу жұмыстары барысында тұрғындарға ешқандай қолайсыздық келмейді. Емін-еркін демалуыларына болады», - деді  Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.

Жауаптылар барлық саябақтардағы жасыл желек қорын сақтау маңызды екенін алға тартты. Өткен сенбілікте «Южный» саябағында елуге жуық ағаш отырғызылған. Жаңарту жұмыстары барысында қураған ағаштар ғана кесілетін болады.


Азамат Әуезхан,  Рашит Шүкірәлиев,  «Алматы» телеарнасы