Алматыда көшеге қоқыс төгетін тұрғындар қатаң жазаланатын болды

Алматыда көшеге қоқыс төгетін тұрғындар қатаң жазаланатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық экологтар жауапсыз тұрғындармен күресіп әлек. Қоршаған ортаға салақ қарайтындар құрылыс қалдықтарын алысқа шығармай, тура көшенің қақ ортасына үйіп жатқан жерінде әшкере болды. Бүгін мамандар «Көлсай» деп аталатын шағын ауданды қобырсыған қоқыс алаңына айналдырғандарды жазалады.

Ағысын таудан алатын «Жарбұлақ» өзенін топырақ және тұрмыстық қалдықтармен бітегісі келген азаматқа оның заң бұзғанын экологтар тәптіштеп түсіндіріп әлек. Әшкере болған тұрғын, керісінше, кінәсін мойындағысы жоқ: көшені тегістегім келді деп ақталды. Тіпті, «төккенім қоқыс емес, табиғатқа зияны жоқ топырақ» дейді. Дегенмен, бұл әрекеті көріктендіру ережелерін бұзу болып саналатыны рас. Ол үйіндіні 30 минутта алып тастауға уәде бергендіктен, ескертумен құтылды.

«Менің өз камаз, тракторым бар. Біз мына жерде тұрғындармен бірге жер телімін тегістеп жатырмыз. Бұл құнарлы топырақ. Қайта жолды қатайтып жатырмыз», – деп ақталды Рамиль ГУМЕРОВ.

Араға 3 шақырым салып, «Көлсай» елдімекеніндегі жолды құрылыс қалдықтарымен тегістегісі келген тағы бір азамат анықталды. 2 гектар жердің иесі онда шағын ферма салмақ болыпты. Жер телімі таулы аймақта орналасқандықтан көше салуды көздедім дейді. Бірақ жолға төккені – қоқыс. Табиғатқа зиян келтіргені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 48 мың 100 теңге айыппұл салынды.

«Мен жер телімін тегістеп жатырмын. Өзім іске асыратын жобам бар. Міне, мына жерді қоршап, жолды тегістейін дегенмін. Қазір құрылыс қалдықтарын әкеліп, үстін тегістеп жатырмын. Кейін үстіңгі жағын реттеймін», – дейді тағы бір тұрғын Азамат ТІЛЕУЛЕСОВ.

«Күнделікті рейд болып тұрады. Табиғатты қорғау полициясымен біріге отырып, жігіттердің бәрі күнделікті осындай қоқыс төгілген жерлерге шығып, кезекшілікте тұрады. Қала шетіндегі жаңа шағын аудандарда жаңа құрылыстар жүріп жатыр. Сондай жерлерде жиі кездесіп тұрады. Қазіргі таңда солармен күресудеміз», – деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Биыл жыл басынан бері экологтар табиғатқа жүрдім-бардым қарайтындарға қатысты 2700-ден аса хаттама толтырған. Оның 1700-ден астамы ескерту болса, қалған 970-ден астамына жалпы сомасы 53 миилион теңге айыппұл салған.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров