Алматыда «Манон» балеті сахналанды

Алматыда «Манон» балеті сахналанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Манон» қойылымы сахналанды. Бірақ күрделі қойылымды алматылықтардың назарына «Астана Опера» театрының әртістері ұсынды. Ағылшын хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» қойылымы әлемдегі балет өнерінің шоқтығы биік туындысы болып саналады. Драмалық спектакль әлем хореографиясының нағыз жауһары және оны сахналауға санаулы театрларға ғана рұқсат берілген.

«Оны сахналауға өте көп күш жұмсалды. Шет елден арнайы мамандар шақырттық. «Манон» - әлемде аса жоғары бағаланады.  Психологиялық драмада би, сценография, әдемі музыка керемет үйлесім тапқан.  Қойылым байлық пен кедейлік, махаббат пен зұлымдық сияқты әрекеттер желісімен өрбиді. Әлемде мыңнан аса театр болса, соның санаулысында ғана бұл спектакльді қоюға рұқсат етілген. Біз солардың қатарында болғанымызға қуанамыз», - деді «Астана Опера» театры балет тобының көркемдік жетекшісі Алтынай  АСЫЛМҰРАТОВА.

«Манон» балеті алғашқы нұсқадан ауытқымауы тиіс. Яғни декорация, киім, бишілердің әрбір қимылы қатаң бақылауға алынған. Ұзақ жылдан бері спектальді британдық балетмейстерлер Карл Барнетт пен Патриция Руан сахналап келеді. Қойылымда басты рольдерді Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева, Рүстем Сейітпеков сияқты балет әртістері сомдады.


Новости партнеров