Алматыда «мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

04.06.2018 в 16:04

Алматыда «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Жүзден аса отбасынан оқ бойы озып шыққан 16 жанұяға мақтау қағазы мен теледидар табысталды. Ал бас жүлде алған 2 отбасы бағалы сыйлықтармен қоса республикалық байқауға жолдама алды. Жарыста кім топ жарды?

«Мерейлі отбасы» жанұялық жарысқа Алматы қаласы мен облысынан 113 отбасы қатысқан. Араларында көп балалы ата-аналар мен  еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан жандар бар. Сонымен қатар өз баласынан бөлек өзгенің баласын асырап алып, басқалардан кем қылмай тәрбие беріп отырған ардақтылар да кездесті.

Алматының 8 ауданынан 16 жанұя үздік деп танылып, бүгін оларға бағалы сыйлық теледидар табысталды. Ал, қаланың ең үлгілі 2 отбасы Жұбанкөзовтер мен Иманғалиевтер атанды. Біріншісі көп балалы ата-ана болса, екіншісі білімнің дамуына үлес қосып жүрген жанұя.  

«Біздің семьядан да пәлендей көп ерекшелік жоқ. Жаңа айтты біздің ерекшелігіміз, біз де сол әкемізден бастап отбасымызда мұғалімдер семьясы болды. 5 баламыздың 3-і ғылым кондидаты. Қазір осы ждерде заң ғылымдарының докторы тұр. Екеуі Астанада жұмыс істеп жатыр. Одан 18 шөбере 4 шөпшегіміз бар»,-деді «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Алматы қаласы бойынша жеңімпазы СӘБИТ ИМАНҒАЛИЕВ

16 үздік отбасы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың қолынан мақтау қағаздарын алды. Ұйымдастырушылар, жанұялық жарыстың маңыздылығын айтып, оның өскелең ұрпаққа берері мол екенін жеткізді. Сонымен қатар, қалада көп балалы ата-аналардың саны артып келе жатқаныдығы айтылды.

«Бүгінгі жасалынып жатқан шара осы Елбасы басшылығымен атқарылып отырған сындарлы саясатының заңды жалғасы іспетті. Енді, мен бір ғана мәлімет айтайын. Соңғы бір жылда көп балалы аналарға осы соңғы жылдың өзінде 31 алтын және 110 күміс алқа берілген екен біздің қаламызда. Ал жалпы 1600-ге жуық ана қалада алтын алқа және 2 мыңнан астам ана біздің қаламызда күміс алқаның иегері»,-деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурс биыл бесінші жыл ұйымдастырылып отыр. Жарысқа қатысушылар саны жал сайын артып келеді екен. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы.