Енді жүргізуші куәлігін үйде отырып-ақ ауыстыруға болады. Мұндай жаңашылдық биыл ғана пилоттық режимде іске қосылды. Куәлікті кезексіз, онлайн түрде алғандар аз емес.
«Азаматтарға арналған үкіметтік мемлекеттік корпорациясы осы жылдың наурыз айында азаматтарға жүргізуші куәлігін онлайн түрде рәсімдеу үшін пилоттық жоба енгізген болатын. Бүгінгі күні осы жоба бойынша азаматтар үйде отырып-ақ, өздерінің жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды. Онлайн түрде алам деушілер электронды сандық қолтаңба арқылы үйде отырып-ақ ала алады. Ол үшін электронды үкімет порталына тіркеліп, өзіңіздің жеке кабинетіңіз арқылы қолтаңбаңызды және фотоңызды сканер жасайсыз. Содан соң онлайн түрде төлем жасап, карточка арқылы қажетті қағаздарды принтерден шығарып, жергілікті мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына алып келесіз. Егер жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен болса, онда медициналық анықтаманы қоса тапсыру қажет болады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл ӘПЕТОВА.
Аталған құжаттарды ХҚО-ға тапсыруы тиіс дейді маман. Халықтың көбі ондай онлайн-қызметтің бар екенінен хабарсыз болғандықтан, мамандандырылған ХҚО-ға келіп, кезек санын көбейтіп, қолайсыздықтар туғызып отыр. Сондықтан азаматтар кезек күтіп, уақыт кетірмес үшін, үйде отырып-ақ онлайн түрде тапсырыс бере алады. Айта кетерлігі, тек арнайы ХҚО-лардан ғана емес, жай ХҚО-дан да алуға мүмкіндік бар деп кеңес береді мамандар. Мәселен, Алматы қаласы бойынша Жетісу ауданында және Майлин көшесінде орналасқан ХҚО-да жүргізуші куәлігін ауыстыруға мүмкіндік бар.
Осы уақытқа дейін қанша адам электронды түрде жүргізуші куәлігін ауыстырды деген сауалға келсек, Алматыда наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін мыңнан аса адам осы қызмет түрін пайдаланып, жүргізуші куәлігін онлайн рәсімдеген екен.
Бұдан басқа, бүгінде мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін көлік құралдарын тіркеу қызметі де онлайн режимге көшірілді. Мәселен сізге көлігіңізді сату немесе сатып алу керек болса, тіркету, қайта тіркету керек болса, авто-ХҚО-ға бармай-ақ, үйде отырып, осы қызметтерді жүзеге асыруыңызға мүмкіндік бар. Ол үшін еш сканерсіз-ақ, электронды сандық қолтаңба қолданса, жеткілікті.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы