Әз-Наурызды жергілікті жұртпен бірге Алматыға ағылған туристер де тойлауда. Шетелдіктер ұлттық астан ауыз тиіп, рухани құндылықтарға зор қызығушылық білдірді. Ал кейбірі Алатаудың баурайына барып, әсем табиғатқа тамсанды. Араларында өздерін «қазақ» санайтын өзге ұлт өкілдері де бар. Сонымен, басқа ұлттардың қазақ халықына деген құрметі қандай?
«Қаным-қазақ болмаса да, жаным қазақ». Бұл ағайынды Марселен мен Кристің әдетте ел арасында айтып жүретін ұраны. Қазақ елінде туылып, осында өскен «қара домалақтар» әз-Наурызды жыл сайын асыға күтеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде де дес бемейді. Ана тілімізде еркін сөйлейтін екеу қоңыр домбыраны күмбірлете тартады. Туған жерін ұлықтауды парыз санайтын ағалы-інілі бауырлар бүгінде көпке үлгі.
«Мен-Таразда өскенмін, інім Крис Алматыда өскен. Қазақстанда туылғаннан кейін, өз еліңді, тіліңді, дініңді жақсы көру парыз деп ойлаймын. Екіншіден, қазақ халықы ешқашан бізге жамандық жасаған емес. Мен өзімді қазақпын деп санайтын себебім, менің екінші анам қазақ, тәрбиені маған қазақ анам берген», - деді Марселен КАМАТЕ.
«Әрине, ағам екеуміз Наурыз мерекесін жыл сайын күтеміз. Себебі, ол жерде ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар, киім-кешектер бар. Өзімізді қазақ деп сезінеміз, негізі. Мені кішкентай кезден бастап, бала-бақшаға, қазақ мектебіне берген», - деді Крис БЛЭК.
Ал Нидерландыдан Алматыға алғаш келген Мористің бес айға жоспарланған саяхаты Наурыз мейрамына тұспа-тұс келген. Қаланың кіреберісінен бастап, ұлыстың ұлы күні тойланып жатқанына ерекше таңданыс білдіріпті. Алдымен, Алып шаһардағы этно мейрамханалардың біріне барып, Наурыз көже мен бауырсаққа бас қойған. Ұлттық асымыздан алғаш ауыз тиген ол талай елге табан тіресем де, дәмін өзге елдің асымен ұқсата алмадым, дейді.
«Осы уақытқа дейін Наурыз көжеге ұқсас ешқандай тағам жеп көрмедім. Ал бауырсаққа ұқсас тоқаштардың дәмін татып көрдім. Қазақстан жұртшылығы мені жылы қабақпен қарсы алып, үлкен ілтипат көрсетті. Ендігі жолы міндетті түрде Алматыға қайта келемін деп шештім», - деді Морис УАРБРОЕК.
Сингапурдан саяхаттап келген Мухаммед алдымен Алматыдағы рухани құнды жерлерге бас сұғып жүр. Тарихы терең қазақ елі жәйлі мағлұматты естіген соң, жаужүрек халықтың алдында басымды ием деп сөзін топшылады. Көргендерін, көкірекке түйгендеріне таңдай қаққан сингапурлық сері сан жылдар бойы салт-дәстүрді сақтап келген ұлтқа құрметім шексіз, дейді.
«Бұл менің Алматыға алғаш келуім. Мұражайда хронологиялық кезең бойынша, бәрі рет-ретімен жүйелі мағлұмат беретін құнды дүниелер қойылған. Мені, әсіресе, қазақ халқының ұлттың киім-кешегі, яғни шапан мен кимешегі қызықтырды. Енді өзімнің достарыма да Қазақстанға саяхаттауға кеңес беремін», - деді Мухаммад РАЗИФ.
Өткен жылдың 10 айында Алматыға келген жарты миллион туристің көбі Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының азаматтары. Ал Қытайдан 36 мыңнан аса саяхатшы ат шекарадан өтсе, Түркиядан 24, Үнді елінен 20 мыңан аса азамат келіпті.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы