Алматыда өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындарға берілетін қаржылай көмек ұлғаймақ

23.02.2017 14:24

Биыл Алматыда өз өнімдерін экспорттап жатқан кәсіпорындарға берілетін қаржылай көмек көлемі ұлғаймақ. Бұл туралы «ҚазНекс Инвест» ұлттық агентігі мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, белсенді кәсіпкерлер өз тауарларын  түрлі халықаралық көрмелерге қоя алады. Одан бөлек, іскерлерге білікті мамандардан тегін кеңес беріліп, мемлекеттік бағдарлама арқылы төл өнімдерін шет елдерге экспорттауға мүмкіндік беріледі. Ал, жалдайтын орындарына кететін шығынды ел үкіметі толықтай өтеп бермек.

«Қазақстанда шығарылған азық-түлік тауарлары қазір ТМД елдерінде жоғары сұранысқа ие. Одан өзге, іргедегі Қытай, Иран, тіпті Еуропадағы бірнеше мемлекет біздің өнімдерді жиі тұтынады. Бұл - отандық тауарлардың сапалы әрі құнарлы екенін аңғартса керек», - деді «Kaznex invest» ұлттық агенттігінің атқарушы директоры Асқар АРЫНОВ.

Айта кетейін, Алматы мен Алматы облысында орналасқан кәсіпорындар 2015 жылы 3,2 млрд доллардың тауарын экспорттаған екен. Олардың дені азық-түлік өнімдері, медициналық жабдықтар мен фармацевтикалық заттар. Соңғы 7 жылда еліміздегі ең ірі 300-ден астам компания шетелдік әріптестерімен келісімшартқа отырған. Ымыра құны 220 млн долларға жуықтайды.