Алматыда орналасқан мейрамханалардың бірі маңайын ластап отыр

Алматыда орналасқан мейрамханалардың бірі маңайын ластап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медеу ауданындағы мейрамханалар маңайын қоқысқа толтырып, қаланың көріктенуіне кері жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік инспекторлардың ескертпесін елемеген мейрамхана басшылары тыйым салынған сексеуілді де жағып отыр.

Қалдаяқов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы танымал мейрамхана қожайындарының әбестік танытып, қала халқын сыйламауы бірінші рет емес. Аптасына бірнеше рет қоқыс көлігі келіп тұрсада, жауапсыз басшылары шыққан қалдықтарды ор қазып, тастай берген. 

Алматының «алтын ауданы» саналатын аумақтағы жердің бұлайша полигонға айналып кетуін көрген экологтар мейрамхананың тағы бір заңсыздығын анықтады. Бассыздыққа барған бизнесмендер сексеуілді тонналап тығып отырған. Бұлтарма жауаппен жаттығып алған жауапсыздар кәуапты қара ағашпен қақтап, сексеуілді сән үшін сақтап отырғандарын жеткізді.

«Сексеуіл бұрынан қалған, үш жыл боды жатқанына. Бізге алып келген. Өзіміз тасымаймыз. Бірақ сатып алдық», - деді мейрамхана директоры Руслан ИСМАИЛОВ. 

Ауқаттану орнынан басқа жанаса орналасқан дөңгелек жөндейтін стансаның қоқысы осы маңнан әрі аспайды. Мегаполистің мәдени өміріне ат үсті қарайтын кәсіпкерлерге бүған дейінде ескерту жасалған. Бірақ түлкі бұлаңға салып, жоғарыдағы көкесінің қоңырауымен қорқытпақ болған кәсіп иелері жазадан бәрібір жалтара алмады. Директорына 98 мың, жұмысшыға 48 мың теңге айыппұл салынды. Ал сексеуіл сақтағанға қатысты қылықтарын табиғатты қорғау прокуратурасы қарамақ. 

«Пугасев деген мекен-жайға, мейрмаханаға бірнеше рет келіп ескерттік. Көрсеттік. Ешқандай іс-шара қолданған жоқ. Бұл кісілер  тек қана айтады бір ай, екі айдың ішінде аламыз деп. Бірақ одан ары қоқыстары көбейіп жатыр», - деді  Алматы қаласы Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы  Қайрат ТОҚТАСЫНОВ. 

Аты алысқа кеткен алып мейрамхананың ескі, әрі ауыр бетон қоршаулары да құлаудың алдында тұр. Алматының тазалығын тұрақты тексеретін экологтар  заңсыздыққа көбіне  қалталылар, үлкен кәсіп иелері барады дейді. Тіреуіне сеніп, тәртіп сақтамайтындармен тірескен табиғат жанашырлары сақшылармен бірлесе отырып, тек биылғы жылдың үш айында 26 миллион теңгенің айыппұлын жазған.


Новости партнеров