|
12.06.2018 | 22:20
2192

Алматыда өзіне қол салғысы келген қызды құтқарған полицей марапатталды

Алматыда өзіне қол салғысы келген қызды құтқарған полицей марапатталды

Алматыда жетінші қабаттан секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарған полицей ерлігі үшін марапатталады. Бұл туралы бүгін Ішкі Істер Департаментінің өкілдері мәлімдеді. Тәртіп сақшысы өмірден түңілген келіншекті өлімнен арашалау үшін өз басын қатерге тіккен. Ол биіктен секірмекке әрекеттенген әйелді тура жоғарғы қабаттағы терезе арқылы түсіп, құтқарып қалған.

Бұл бүгінгі күннің батырының біріне айналған алматылық полицейдің көпқабатты үйдің терезесінен секіруге әрекеттенген әйелді ажалдан арашалаған сәті. Көп ойланбастан, келіншекті құтқаруға асыққан сақшы басын қатерге тіккені анық. Еркебұлан Қаржаубаев маусымның бірінде әріптесімен бірге әдеттегідей кезекті шұғыл шақыртумен көпқабатты үйлердің біріне келеді. Сөйтсе, 37 жастағы қала тұрғыны жетінші қабаттағы терезеден секіруге оқталыпты. Полицейлер көрші пәтердің балконы арқылы әйелмен тілдесіп, оны райынан қайтармақ болған. Бірақ келіншек бейтаныс адамдардың сөзіне құлақ аспаған. Осы кезде сақшылар жоспар құрады. Бірі өлімге асыққан әйелдің назарын өзіне аудару үшін, есігінің қоңырауын басады. Ал Еркебұлан сол сәтте пәтердің терезесіне жоғарғы қабаттан ытқып түседі.

«Телефонмен қоңырау шалу арқылы белгі бердім, бастаңыздар деп. Сол кезде олар есікті тарсылдатып есікті ашқандай болып жасады. Сол кезде қыз терезеден есікке қарай назарын аударып, алшақтаған кезде сол сәтті пайдалана отырып, 8 этаждың терезесінен жіппен 7 этажға түстік. Менің түскенімді көріп, жаңағы қыз қайтадан терезеге қарай ұмтылды. Бірақ мен оны терезеге жақындатпады»,-деді Алматы қаласы ІІД жол-патрульдік полициясының инспекторы Еркебұлан ҚАРЖАУБАЕВ.

Келіншекті аман-есен құтқарғасын полицейлер оны дәрігерлердің қолына тапсырған. Сөйтсе, әлгі келіншек психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған екен. Қазір оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал тәртіп сақшыларының бұл ерлігі ынталандыру мен марапатқа лайық екенін алға тартқан Ішкі Істер Департаментіндегілер оларға кәсіби мереке қарсаңында құрмет көрсетпек.

«Аталмыш азаматтарды марапаттау міндетті түрде көзделуде. Біз бұл тәжірибені жоққа шығармаймыз. Алматы қаласы ІІД-нің басшылығы аталмыш деректерді міндетті түрде назарынан тыс қалдырмайды. Яғни, басқа да полиция қызметкерлеріне жақсы үлгі болсын деген мақсатта, осындай өз жұмысын адал және кәсіби түрде атқаратын қызметкерлерді міндетті түрде марапаттаймыз»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Ал бастарын қатерге тіккен полицейлердің өздері бұл әрекеттерін ерлікке баламайды. Олар қайсарлық пен парасатты қажет ететін қызметтік борышымызды адал атқару, қай-қайсымыздың да басты парызымыз,-дейді. Айта кетсек, былтыр Алматы қаласында ерліктің үлгісін көрсеткен 8 тәртіп сақшысы марапатталған болатын. Олардың екеуі мемлекеттік награданың иегерлері атанды. 

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, Алматы телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир