Алматыда «Сең» драмасының тұсауы кесілді

23.10.2017 22:15

Алматыда «Сең» драмасының тұсауы кесілді. Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Парыз» романының желісі бойынша сахналанған спектакль - Арал тағдыры мен адам тағдыры арасындағы арпалысты бейнелейді. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен қойылымды әріптесім Сая Меңдеке де тамашалады. Ол бізбен тікелей байланысқа шығып, спектакльден алған әсерімен бөлісуге дайын.

-Сая, «Сең» драмасының алғашқы көрсетіміліміне келгендердің қарасы көп болды ма?

-Иә, Нұрсұлтан, қойылымның премьерасына адам көп жиналды. Егде жастағы адамдарды айтпағанда, жастар да көптеп келген. Бұл әрине, драманың үлкен аудиторияны қамти алатындығын байқатты. Ал туындының желісіне келетін болсақ, мұнда Арал тағдыры, жалпы табиғат-анаға деген махаббат суреттеледі. Заман талабына сай қойылған бұл шығарма - өз көрермендерін ойландырмай қоймады. Ендеше көрермендердің ойын тыңдасақ. 

Атақты жазушы Әбдіжәміл Нүрпейісовтің романы бойынша бұл туынды алғаш рет сахналанып отыр екен. Демек бұрын-соңды елімізде болсын немесе шет мемлекеттерде болсын бұл туынды қойылмаған. Ал драманың режиссерінің айтуы бойынша өте күрделі болғандықтан оған асқан дайындық қажет болыпты.

«30 жыл бұрын жазылғаннан бері бұл роман ешқай жерде қойылған жоқ. Осы театрдың актерлері Қадірбек Темесенов, Лидия Кәденова апамыз, Жақсыбек Құрманбек ағамыз ойнайды. Соысн өзімнің замандастарым, басты кейіпкерде Арал деген символикалық кейіпкеріміз, Еділ Рамазанов деген белгілі актерлер ойнайды»,- деді «Сең» драмасының режиссері, Сырым Асқаров.

Шығармада әрине бірнеше тақырып көтерілді. Ол Аралдағылардың тағдыры және балықшылардың өмірі астасып жатты. Жалпы, қойылымдағы рөлдерді осы театрдың белді актерлері сомдады, олардың ішінде Данияр Базарқұловта бар. Ол мансапқор, өздегенін әрдайым көздейтін, жағымсыз рөлдердің бірін сомдады.Ендеше актердің өз ойы мен пікірімен бөліссек.

«Бұл қазақтың классик жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Соңғы парыз» деген романынан алынған. Бұның режиссері Сырым Асқаров деген азамат. Атын өзгертіп «Сең» деп қойдық. Сол Сеңде мен жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдаймын. Бірақ, оны мен жағымсыз кейіпкер ретінде алған жоқпын. Әркімнің өзінің ой мен мақсаттары бар, сондықтан бұл спектакльде адам мен арал тағдыры жайлы айтылады»,- деді Актер, Данияр Базарқұлов.

Театр актерлерінің ойыны расымен керемет болды. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, рөлдерін тамаша сомдап шықты. Жалпы, бүгінгі тұсаукесерден кейін бұл премьераны кез келген өнерсүйер қауымы, театрдың репертуарына сай кез келген уақытта келіп көре алады.