Алматыда сауда орталығының 3-ші қабатынан құлап кеткен балаға ота сәтті жасалды

23.10.2017 22:26

Сауда орталығының 3-ші қабатынан құлап кеткен балаға ота сәтті жасалды. Дегенмен, қазір жағдайы әлі де ауыр болып есептелінеді. Әйтсе де, ақ халаттылар сәбидің денсаулығы қалпына келетіндігіне сеніп отыр.

«Баланың денсаулығы ауыр болып есептелінеді. Бірақ ақырындап жақсарып келеді. Бала есін жиды, сөйлей алады, ас-суын өздігімен ішіп жатыр. Қазір бала жансақтау бөлімінде. Бірақ, жақын арада палатаға ауыстырылады»,- деді Алматы қаласы жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары, Дінмұхамед РУЗУДДИНО.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қазан күні қаладағы сауда кешендерінің бірінен 2 жасар бала 3-ші қабаттан құлап кеткен еді. Куәгерлердің сөзінше, екі баласын жетектеген әйел 4-ші қабатқа эскалатормен көтеріліп бара жатқан. Құлап кеткен бала анасының қолында болған көрінеді. Ал екінші баласы қоларбада отырған. Абайсызда басымен құлап кеткен бала жедел ауруханаға жеткізілген. Сол кезде оған дәрігерлер дереу көмек көрсетіп, ашық бас ми жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде, іш пердесінің соғылуы секілді диагноз қойған еді.