Алматыда тағы бір бағыттағы автобустар су жаңа көлікке алмастырылды

Алматыда тағы бір бағыттағы автобустар су жаңа көлікке алмастырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғындар көп шағымданатын №86-шы бағыттағы автобустар мынадай су жаңа көлікке алмастырылды. Енді қала тұрғындары экологиялық таза, заманауи үлгідегі транспортпен қатынайды. Аталған бағыттағы қоғамдық көліктер кесте бойынша түнгі 11-ге дейін жүретін болады.  

«Бұрын автобустардың жетіспеушілігінен көлік сирек  жүретін, сөйтіп тұрғындардан жиі шағым түсетін. Бізге дейін бұл бағытқа жеке тасымалдаушы қызмет көрсеткен еді. Енді аталған бағыт толық жабдықталып, автобустар кесте бойынша жүретін болады»,-деді «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры, Ризван ЦИНАЕВ.

Автобус «Еуро-5» стандартына толықтай сай келеді. Қоғамдық көлік 108 адамға шақталған. Сонымен қатар, мұнда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 бірдей бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Ал, сырғыма баспалдақ - арбалы адамдарға, қарттар мен балалы аналарға ыңғайлы болмақ.

Бұл, бұған дейін жолаушы тасымалымен айналысқан ескі автобустар. Қала тұрғындары оның ыңғайсыз екенін айтып, ішінде қауіпсіздік шаралары сақталмағанын әлеуметтік желіде бірнеше рет жазған еді. Қазір, су жаңа көліктермен алмастырылғаны көптің көңілін марқайтты. 

Еске салайық, бұған дейін №65, 50, 103, 126, 112 және 77-ші бағыттағы автобустар жаңарған еді. Қаладағы автобус парктері құрамын толықтыруды әлі де жалғастырады. Жыл аяғына дейін Алматы қаласының әкімдігі мегаполистің автобус паркінің 30%-ын жаңартуды жоспарлап отыр. Мұндай транспорттық реформаны жүргізуді дамыған елдер осыдан 35 жыл бұрын бастаған екен. Жалпы мұндай жаңашылдықтар Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының стандарттарына толықтай сай келеді.

Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров