Алматыда тау туризмін дамытуға арналған халықаралық форум өтті

31.07.2017 16:52

Алматыда тау туризмін дамытуға арналған  халықаралық форум өтті. Әр елден келген қатысушылар аталмыш саланы ілгерілету жолын талқылады. Шымбұлақты әлемдік деңгейдегі тау-шаңғы курортына айналдыру керектігі де айтылды. Форум жыл сайын қала әкімдігі ұйымдастыратын халықаралық MOUNTAIN SPORTS фестивалі аясында өтті.

«Біздің қалада тау спортының кез келген түрінен жарыс өткізуге болады. Күні кеше Грузиялық әріптестер тау туризмін біріге дамытуға ниеттес екендіктерін айтты. Осындай тау шаңғы шипажайларын көбейтсек, аталмыш спортты сүйетін адамдарға да жақсы болар еді. Көрші Қытай мемлекеті тау туризмін дамытуда, үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Менің білуімше, шаңғыға 150 миллион қытайлықты қою жоспарда бар екен»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Көрші мемлекеттен келген мамандар өз елдерінде тау туризмін дамытуға үлкен үлестерін қосқан. Енді, біздің елдің туризмін құлаштатуға ынталы екен. Бар білетіндерімен бөліспек. Айтуыларынша Алматыда тау туризмі - әлемдік деңгейде дамыған.

«Шымбұлақ - тарихы терең курорт. Мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалған. Маған бұл жер ұнайды. Сондықтан, мен өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын»,- деді Грузия тау-шаңғы курортын дамыту компаниясының директоры, Александре ОНОПРИШВИЛИ.

«Тау туризмін дамытуға Қазақстан өте қолайлы мемлекет. Мені шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Тау шаңғы курортын жақсарту үшін бірінші инфрақұрылымды қолға алу керек»,- деді PGI MANAGEMENT компаниясының директоры (Испания), Джоан ВИЛАДОМАД.

«Біз Алматыны, әлемдегі ең жақсы тау-шаңғы курортына айналдыруға бар күшімізді саламыз. Өзімізде кеткен қателіктерді жібермеуге тырысамыз. Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықтап, жаңа инновацияларды енгізу жоспарда бар»,- деді Тау курортының қоршаған ортаға әсерін зерттеуші маман (Франция), Соссак ФАБРИС.