Жаркент түбінде апатқа ұшырағандардың отбасына жергілікті билік өкілдері материалдық көмек көрсетпек

31.07.2017 в 17:00

Жаркент түбінде апатқа ұшыраған ұшақ - техникалық тексеруден өткен. Бұл туралы оқиға орнында жұмыс істеп жатқан аумақтық инспекция басшысының орынбасары Болат Жылқыбаев мәлімдеді. Біздің арнаға телефон арқылы сұхбат берген маман, қазір апаттың нақты себебі анықталып жатыр деді. Ал, ұшақты басқарған ұшқыш Хамит Ақбергеновтың отбасы "ҚазАвиаға" ешқандай шағым түсірмепті. Қара жамылған отбасы қазір Қарағандыда. Жергілікті билік өкілдері оларға материалдық көмек көрсетпек.

«Зардап шеккен тараптан ешқандай шағым жоқ деді. Өйткені бәрі өз еркімен болған. Әкімшілік жағынан да көмегі беріледі деді. Қайтыс болған ұшқыштың отбасына хабарланды»,- деді ҚР АШМ Алматы облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары, Болат ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Қапыда болған әуе апатынан қаза тапқан екінші адам - шаруа қожалығының иесі  Мәсімжан Мәсімов. Оның артында бес баласы мен жұбайы қалды. Марқұмдар жүгері егістігін өңдеу үшін әуеге көтерілген екен. Куәгерлердің кейбірі ұшақ әуеде отқа оранған десе, енді бірі қонар тұста жанып кетті дейді. Жайттың жай-жапсарын арнайы құрылған комиссия келер аптада айтпақ. Оған дейін тексеріс жұмыстары жүргізіледі.