|
04.04.2018 | 10:31
5645

Алматыда тұрғын үй кезегінен екі мыңға жуық адам шығарылды

Алматыда тұрғын үй кезегінен екі мыңға жуық адам шығарылды

Алматыда тұрғын үй кезегінен екі мыңға жуық адам шығарылды. Жауаптылардың айтуынша, кезекте тұрғандар қаладан тыс жерге көшіп, баспаналы болуына және тұрғын үйге мұқтаждар санатынан шығуына байланысты тізімнен алынған. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша биыл 200 отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын үй бағдарламасын іске асыру үшін қазынадан 2 миллиард теңге бөлініпті. Бұл сома өткен жылғы қаражаттан екі есе көп.

Үй кезегінде тұрғандардың тізімі 8 мың орынға жылжыды. Алты мыңға жуық отбасы қоныс тойларын тойлап үлгерсе, қалған екі мыңы тізімнен шығарылған. Олар басқа өңірге көшкендер, бюджеттік мекемеден жекеге ауысқандар және өз қаражаттарына баспана алғандар. Бір айта кетерлігі, жауапты орын өкілдері тұрғын үй қорын тексеру барысында бірнеше олқылықтарды да анықтапты. Мемлекеттен көмек күтіп, алайда жекеменшік үйін сатып алғандар бар екен.

«64 жалға алушылар баспананы алғаннан соң, жеке қаражатына басқа үй сатып алғандарды анықтадық. Осыдан соң, олар әлеуметтік аз қамтылған азаматтар тобына жатқызылмайды, әрине. Сол себепті үйді босатулары тиіс. 29 пәтер бүгінде шын мұқтаж отбасыларға үлестірілді. 35 пәтерді босату бойынша сотқа арыз жолдадық», - деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.

Ал «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша биыл 200 отбасы баспаналы болмақ. Олардың  қатарына мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен жеке компаниялардың қызметкерлері де жатқызылыпты. Оның алғашқы кезеңі өткен жылы қолға алынған еді. Балдық жүйе бойынша үй алуға ниеттілер арнайы сайт арқылы өтінім бере алады. Осы ретте айта кетейік, тұрғын үй басқармасы жұмыстарын толық электронды форматқа ауыстырыпты. Пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстарын да қашықтықтан басқара алады. Өткен жылы тексерілген 260 кооперативтің 220-сының төрағасы жауапкершілікке тартылған.

«Тұрғын үй инспекциясына техникалық тексеру мүмкіндігін беретін жүктеме қосуды ұсынып отырмыз. Яғни, пәтер иелері кооперативіне жай ғана келіп қоймай, жөндеуді қажет ететін тұстары байқалса, оны орындату құзыреті болса, өзіміз нұсқаулық берер едік», - деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.

Енді үйді күтіп ұстауға немқұрайлы қарап, қажетті қаражатты бермей борышкер атанған тұрғындар банктен несие ала алмайды. Жауапты орын өкілдері қарызгерлер туралы мәліметті бірінші кредиттік бюроға тапсырады. Осылайша мәліметтің барлығы қарызгердің несие тарихына тайға таңба басқандай етіп жазылмақ.


Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир