Алматыда туризм саласын дамытудың тұжырымдамасы бекітілді

13.10.2017 02:27

Кейбір сингапурлықтар "алматылықтар автомобиль емес, ат мінеді" деп ойлайды екен. Бұны қаламызға келген қонақтың өзі мойындады. Алматыға алыс елдерден туристік операторлар өкілдері келді. Шаһардың туризм әлеуетіне олар қандай баға берді?

Шетелден келген туристер арасында «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» кешені мен «Көк-төбе» және Үлкен Алматы көлі кең сұранысқа ие болып шықты. Тіпті қазақтың дәстүрі мен мәдениетін танытатын мұражайлар да бұл тізімнен тыс қалмаған. Туристер қомақты қаржыны қымбат қонақ үйлерге да тастап кетуге кет әрі емес. Өйткені, қызмет көрсету сапасына көңілдері толған. Тек бұған дейін Алматы туралы көп білмегендіктерін мойындады.


«Мен Алматыны мүлде басқаша елестеткем. Мұнда көліктер жоқ деп ойлағанмын. Әлі күнге дейін адамдар атпен жүретін шығар деп ойладым. Сөйтсем, заманауи, инфрақұрылым дамыған әсем қала екен. Әлемнің бірнеше еліне саяхаттағанмын. Бірақ бұл жолғы алған әсерім ерекше. Табиғаты да әдемі, адамдары да жылы шырайлы екен. Қызмет сапасы да керемет», - деді Туристік оператор өкілі (Сингапур) Ло КВОН МИН ТЕРЕН.

Алматыда 2023-ші жылға дейінгі туризм саласын дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Онда осы бизнесті дамыту мен "Қазақ туризм" ұлттық кеңсесін құру керектігі баса назарға қойылған. Ал, Әсел Нүркебаеваның айтуынша, саяхатшының қаладағы бір аптаға шығыны шамамен 250-300 АҚШ долларын құрайды. Оған тасымал, қонақ үй, тамақ пен экскурсия кіреді.

¤«Елімізді көп жағдайда туристер біле бермейтіндіктен бұл сала дамымай отыр. Әйтпесе, олар өз қалтасына қарай қыдыра алады. Оған бар жағдай жасалған. Түрлі ұлт өкілдерінің асханасы, әсем табиғат та жоқ емес. Алматының тұрмыс әлеуеті мықты. Сондықтан қыдыру да қымбатқа түседі. Мәселен, Канададан  Алматыға келудің өзі қымбатқа түседі. Оларға 2000 АҚШ долларына дейін кетіп қалады», - деді Туристік ақпараттық орталық директоры Әсел НҮРКЕБАЕВА.

¤Ал қаланың туризм басқармасы биыл қыруар іс қылдық деп кеуде керіп отыр. Жарты жыл ішінде 450 мыңға жуық туристке құны 11 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бірақ бұл тек қонақ үйлерге қонған туристердің есебі.

¤«Биыл біз статистика департаментінің мәліметімен шектелмейміз. Өзіміз де зерттеу жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, Алматыдағы 6 таулы жолдарды қалыпқа келтірдік. Оған 15 млн теңге бөлінді. Отырғыштар, әңгімелесетін орындар мен анықтамалық тақтайшалар қойдық. Әлемдік деңгей бойынша жұмыс істейміз», - деді Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Аслан ҚОҢЫРХАНОВ.

¤Қаладағы «гид» мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір туризм факультеті бар 7 университеттің студенттері "гид" кәсібін меңгеріп жатыр.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы