Бұдан былай Алматыда 1 түп ағашты заңсыз кессеңіз, орнына 50 ағаш отырғызасыз. Ал рұқсатыңыз бола тұра, сау ағашты отасаңыз, оның орнына 5 түп жасыл желек егуге тиіссіз.
Кесілген ағаштың қайтарымын еселейтін жаңа ережелерді бүгін қаланың мәслихат депутаттары мақұлдады. Жасыл екпелерді күтіп ұстау мен қорғаудың жаңа ережелері жазылған құжат Қоғамдық кеңес пен қала тұрғындарының ұсынысы бойынша жасалған.
Енді құжатқа сәйкес, ағаштарды заңсыз шауып, табиғатқа зиян келтіргендермен күрес күшейтіледі. Ереже нормасына кесілген ағаштың ұзындығы, тұқымы, тіпті белгіленген уақыт көлемінде оған күтім жасауды міндеттеу де кіргізілген. Сондай-ақ, шаһардағы ағаштардың өмір сүруін ұзарту үшін, санитарлық қырқудың да жаңа талаптары бекітілді.
«Біз арнайы ұсыныс енгізіп отырмыз, өздеріңіздің көмектеріңізбен. Заңсыз 1 ағаш кесілсе, 50 ағаш міндетті түрде қалдыруын сұрап отырмыз. Бұл әр адамға өзінің жауапкершілігін сезінуге үлкен күш болатын еді. Алматы қаласында ағаштардың 60 пайызының жасы 50 жылдан асқан. Бұл жерде көп өсетін ағаштардың санитарлық қырқуын жасап, жақсартып сақтап қалуға болады. Яғни, өмірін ары қарай тағы 7-10 жылға ұзартуға болады», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.
Енді қалада тек апатты жағдайда тұрған, электр желілері мен газ құбырына кедергі жасаған және жолдағы қозғалыс пен жүргіншілерге қиындық туғызған ағаштарға ғана санитарлық қырқу жасалады. Ал қураған немесе зиянкестер бүлдірген өзге жасыл желектің өмір сүру коэфициенті жүргізіліп, оларға тіршілік қабілетіне сай күтім көрсетіледі. Осылайша, ағаштарды түп-тамырымен отамай-ақ жасарту көзделіп отыр.