Алматыдағы адвокаттар алқасы Әділет министрлігі ұсынған өзгерістерге түбегейлі қарсы

10.10.2017 23:14

Елімізде адвокаттар тапшы. Қазір Қазақстанда небәрі 4 мыңнан аса қорғаушы бар. Олар заңдық кеңеске мұқтаж жандарға көбіне сапалы қызмет көрсете алмайды. Алайда, іс жүргізгенге алатын ақылары аспандап тұр. Осыған байланысты Әділет министрлігі қолданыстағы заңға өзгерістер енгізуді жоспарлаған. Жауаптылар адвокаттардың құзырын кеңейтіп, олардың өңірлік алқаларға тіркелу тәртібін жеңілдетуді көздеген.

Заң саласында жүргеннің көбі осы күні адвокат болуға жүрексінеді. «Машақаты көп», - дейді. Қорғаушы болуың үшін өңірлік, яки республикалық алқаға тіркелуің қажет. Кейін, 800 мың теңге көлемінде бастапқы жарна құясың. Ізінше, бір жылдай тәжірибие жинайсың. Шеберлікті шыңдау да ақылы. Осыларды орындап болғанда ғана, адвокаттық қызметке заңды түрде кірісесің. Әділет министрлігі енді бұл талаптарды жеңілдетуді жоспарлап отыр. Олар бастапқы жарнаны 226 мың теңгеге дейін азайтып, қорғаушылардың құзырын күшейтуді көздеген.                                                    

¤«Қазір адвокаттар мен мемлекеттік айыптаушылар арасында үлкен заңдық алшақтық бар. Мәселен, сот процесі кезінде қорғаушылар прокурорлар таққан айыпқа қатысты ғана уәж айтуға құқылы. Өздігінен тергеу органдары арқылы дәлел-дәйектер жинай алмайды. Сондықтан, заңға енгізілетін өзгерісте біз бұл олқылықты ескердік және адвокаттардың құзырын прокурорлармен теңестіруді ұйғардық», - деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.

¤Министрлік дерегінше, қазір елімізде 4 мыңнан аса адвокат бар. Бұл - бір мемлекет үшін аздық етеді. Өйткені, Қазақстанда 1 ғана адвокатқа күдікке іліккен 3 мың 900 адамнан келеді екен. Сондықтан болар, олардың қызмет құны да тым қымбат. Бекітілген сомма жоқ. Әрбірі ойға келген ақшасын айтып, айды аспаннан бірақ шығарады.   

¤«Адвокаттар ойларына келген сомманы айта береді. Олар ақыны шетел валютасында немесе теңгеде алуы мүмкін. Одан бөлек, заттай қалайды. Мысалы, ауылдық жерлерде адвокаттық қызмет атқаратындар айыптыларды қорғау үшін жылқы сұрағанын өз басым естігем. Бұл енді ақылға қонымсыз дүние. Сондықтан Әділет министрлігі әзірлеп жатқан жаңа жобада адвокаттардың сыйақы көлемі міндетті түрде ескерілуі керек. Қаралатын істің ауырлығына байланысты қорғаушыларға төленетін ақы көрсетілгені жөн», - деді заңгер Думан БАЗАРБЕКОВ.

¤Шынтуайтында, Әділет министрлігі 12 мың адвокатқа лицензия берген екен. Алайда солардың тек үштен бірі ғана - бұл салада еңбек етеді. Қалғандарының тұрғындарға қай тұрғыда көмек көрсетіп жатқаны белгісіз. Ал, АҚШ-та қорғаушылардың құзыры әуелден-ақ айқындалып қойған. Оларда біздегідей алқалар жоқ. Адвокат болғылары келгендер білікті соттардың сынынан өтіп, құзыры бар қызметті атқара береді.           

«Америка құрама штаттарында адвокат болғысы келетіндердің білімін - жоғарғы соттың өкілдері тексереді. Олар үміткерлерге сұрақтар беріп, сыннан өткізеді. Емтиханнан сүрінбей өткендері ғана қорғаушы болуға мүмкіндік алады. Оларда ешқандай алқалар жоқ. Сондықтан Америкадағы адвокаттардың белгілі бір ұйымға мүше болуы міндетті емес», - деді Заңгер Максим МОСТОВИЧ.

 

Ал Алматыдағы адвокаттар алқасы Әділет министрлігі ұсынған өзгерістерге түбегейлі қарсы. Олар «қазіргі заң аясында жұмыс істеген әлдеқайда тиімді», - дейді. Өйткені, адвокаттар белгілі бір органға тәуелді болмауы керек. Бұл -  Біріккен ұлттар ұйымының конгресі бекіткен талаптың бірі.       

¤«Меніңше, бұл мәселеге адвокаттардан басқа адамдардың араласуына болмайды. Біз Әділет министрлігіне тұрақты түрде есеп беріп отырамыз. Жиналған қаражаттың қай жаққа, не үшін жұмсалғанын баяндаймыз. Адвокаттар алқасы мемлекет тарапынан қаржыландырмайды. Бұл - дербес ұйым. Сондықтан қорғаушыларға қатысты заң жобасына өзгеріс енгенін қаламаймыз», - деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Мұрат ЖАНБАЕВ.

¤Қайткенде де, заңға әлі өзгеріс енгізілген жоқ. Тараптар өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасып жатыр. Әділет министрлігі заң жобасы жүзеге асса, "pro bono" жүйесін қолданысқа енгізбек. Ол арқылы жүдеу-жадау адамдарға тегін адвокаттық қызмет көрсету көзделген. Ол үшін қорғаушыларға үкіметтен ешқандай ақы төленбейді. Ал, адвокаттар тоқсан сайын алқа басшыларына есеп беруге міндеттеледі.         

Дастан Сейілханұлы, Валерий Таубалдиев "Алматы" телеарнасы