Алматыдағы аулалардың бірінде Наурыз мерекесіне орай думанды кеш ұйымдастырылды

22.03.2018 в 15:03

Биылғы Наурыздың жылдағыдан жөні бөлек, көркі ерек. Ұлыстың ұлы күнінде Алматы аулалары көңілді думанға ұласты. Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен қауышып, мол дастарханда бас қосты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қызықтан қалыс қалмай, торқалы тойды атап өтіп жатыр.

Медеу ауданының тұрғындары Наурыздың басты тағамы - көжені көшеден ішпей, өздері дайындаған. Көршілер бірігіп, есік алдында мейрамды барынша қызықтығып өткізуді жөн  көрген. Әрқайсысы үйлерінен түрлі тағамдар пісіріп, ортақ дастарханға қойып жатыр. Сыртынан қарасаң, құдды бір әулеттің келіндері тойға дайындалып жатқандай.

Үлкендердің бата-тілегінен кейін құттықтау сөздер айтылды. Ауланың бүлдіршіндері әз-Наурызға арнайы концерттік кеш ұйымдастырған. Бірі домбырамен күй шертсе, енді бірі қобызбен көптің көңілін көтерді. Күміс көмей әншілері де бар. Әжелер ансамблі де өнерлерін паш етті.

Күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулыға нәр беретін мерекені ауланың үлкендері ұйымдастырған. Айтуыларынша, Наурызды алысқа барып сабылғанша, аулада өткізген дұрыс. Оның үстіне, көршілер де мұндай ұсынысты бірден қолдаған.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, әрқайсысы өз үйінен. Содан кейін бұл дәстүрді сақтау деген бар. Дәстүрді сақтау - келіндерімізді көрдіңіздер, бәрін пісіріп, жүгіріп жүрген осы үйдің келіндері. Оның балаларын көрдіңіздер. Қариялар бәрі төрде отыр. Бұл - дәстүрді сақтау. Еліміз, жұртымыз аман болсын. Біздің Қазақстан мемлекетіміз егемендік алған соң, бір кеңіп, айтқан сөзіміз де, ешкімге жалтақтамайтын болдық. Аллаға шүкір сол үшін», - деді Сара НҰРҒАЗИЕВА.

Мұндай әз-Наурызды тұрғындардың аулада тойлауына пәтер иелер кооперативтері жұмыстарының жанданғаны себеп болған. Былтырдың өзінде Алматыда 442 балалар мен спорт алаңдары көріктендірілді. Осының арқасында қаланың көркі одан әрі әдемілене түсті. Мейрам қарсаңында Бостандық ауданында Наурыз көже таратылып, мерекенің мерейін өнерпаздар көтерді. Ұлттық дәстүр ұлықталды.

Ұлыстың ұлы күні Алматы аулаларында дәл осылай тойланып жатыр. Болашақта ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мерекені аулаларда атап өту дәстүрге айналмақ.

Наурыз - жер бетіндегі барлық адамдардың басын біріктіретін, табиғаттың, үйлесімнің, жақсылықтың және нұрлы шуақтың мерекесі! Ендеше, қош келдің әз-Наурыз! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, ағайын!


Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы