Жалған ақпарат жарға соғады. Алматыдағы ғимараттардың бірінде бомба бар деген жалған ақпар құқық қорғау органдары мен құтқарушыларды аяқтан тік тұрғызды. «Тұрғын үй жинақ банкінің филиалында жарылғыш зат бар» - деген үрейлі хабарды телефон арқылы белгісіз біреу жеткізген. Дегенмен, ғимараттың нақты қандай мекен-жай бойынша орналасқаны жайлы тіл қатпаған. Салдарынан күштік құрылымдар банктің Алматыдағы 3 филиалын жіті тексеріп шықты. Дереу адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылды. Нәтижесінде ешбір жарылғыш зат табылған жоқ.
«Банктің колл-центріне сағат 13:58-де жалған қоңырау шалынды. Бір жарылғыш зат салынды деген жалған қоңырау шалынды. Сыртқа шығып, күттік бір сағаттай. Содан кейін барлығын тексеріп шыққаннан кейін, ешқандай зат табылмағаннан кейін барлығымыз қайта кірдік», - деді ТҚЖБ жарнама және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Зәуре МАСҒҰЛОВА.