Алматыдағы бір ауданның тұрғындары белшеден батпаққа батып жүр

Алматыдағы бір ауданның тұрғындары белшеден батпаққа батып жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Трудовиктің» тұрғындары белшеден батпаққа батып отыр. Көшеге шығудан қалған халық  лайдың астында қалуымыз  қолдан жасалған жауапсыздық, дейді. Айтуларынша, тас төселген тәп-тәуір  көшеге құбыр тартамыз деген мердігерлер былтыр астаң-кестеңін шығарып кеткен. Ал Алатау ауданының басшылары батпаққа батқан ел тағы біраз шыдаса, жағдай жақсарады, дейді.

«Трудовик» тұрғындарының батпаққа батып жатқандарына бір аптадан асқан. Қай көшеге келсеңізде, кірсеңізде осындай аяқ алып жүргісіз, тізеден келетін лай. «Қала емес, ауылдағы сияқты өмір сүріп жатырмыз» деген халық қоғамнан мүлдем бөлініп қалдық, дейді.

Көшеден өте алмаған көршілер бір-біріне алыстан айғайлап амандасатын болған. Тізеден келетін лай қоғаммен ғана емес, ауыл адамдарының да арасын үзген. Алды 7-8 жыл бұрын қоныстанған халық жолды өткен жазда ғана өздері ақша жинап жөнге келтірген. Бірақ су құбырын тартамыз деген мердігер мекеме жолдың астаң кестеңін шығарған.  

Шағын ауданның көшелеріне 12 шақырым су, дәл сондай қашықтықта кәріз құбырын тарту былтыр жаз айында басталған. Небәрі 24 шақырым жердің жіңішке құбырын  созбалаңға салып, тоғыз ай тартып бітіре алмай жатқан компания мен оны қадағалай алмаған әкімдікке өкпелі ел. Тапсырысты тындыра алмаған компания көшеде аққан лайды күреп те, камазға тиеп те тоқтата алмай жатыр.

«Былтырда болған, осыдан он жыл бұрында осындай  батпақ болған. Шыдаймыз. Бір аптадан кейін құдай қаласа жаңбыр басылады. Кебеді, бәрі жақсы болады деп ойлаймын», - деді  мердігер компанияның өкілі Валерий ҚАЙЫРБАЕВ.

Жақсылықты жердің кебуінен күтіп отырған компанияның өкілдері лай жолдың шетіне қиыршық тас төгіп, жаяу адам жүре алатындай мүмкіндік жасап бермек. Ал Алатау ауданының басшылары мердігер мекемеге тендірмен тапсырыс берген біз емес, дейді.

«Жұмыс біткен бетте анау барлық көшеге асфальт төселеді. Биыл. Сәл-сәл ыңғайсыздау жағдай болып жатыр. Кішкене түсінбеушілік бар. Шыдамдылық керек, оның бәрі қалпына келетін нәрсе», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Қайыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ.

Қатынас қиындап, көшеге шығулары мұң болған ел терезеден телміріп, төңіректің реттелуін тағатсыздана күтуге мәжбүр. Ал үйлеріне жете алмаған,  көлігін көшеге тастап кететін жүргізушілер машинамыз түнде тоналып жатыр, дейді.


Новости партнеров