Алматыдағы жаңадан салынған нысандар зілзалаға шыдас бере ме?

Алматыдағы жаңадан салынған нысандар зілзалаға шыдас бере ме?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы жаңадан салынған нысандар зілзалаға шыдас бере ме? Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты базасындағы зертханада жасанды 9 балдық жер сілкінісі сыналды. Тапсырыс берген құрылыс компаниясы зерттеу нәтижесі бойынша, сараптама қорытындысын алып, сапалы ғимараттар салуға мүмкіндік алады.

Жаңағы жасанды жер сілкінісін тудырған осы құрылғылар. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, құрылыс құрылымдары 9 балдық жер сілкінісіне төзімді болып шықты. Енді жаңа ережеге сәйкес, Алматы қаласында тұрғызылатын барлық құрылыс құрылымдары осындай сейсмологиялық тексеруден өтулері тиіс.

«Өкінішке орай, барлығы сынақтан өтуге құлық танытпайды. Бірақ қазіргі таңда онсыз құрылыс нарығына ену қиын болып барады. Олай дейтінім, тапсырыс берушілер бұрынғыдай емес, талапшыл бола бастады, яғни құрылымдарын ұсынған компаниялардан сейсмикалық сынақ нәтижесін сұрайды», - деді «ҚАЗҚСҒЗИ» АҚ зертхана меңгерушісі Игорь ИЦКОВ.

Сынақ Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты базасындағы зертханада ұйымдастырылды. Мұнда барлық құрылыс құрылымдарына тексеріс жүргізіледі. Содан соң қаладағы барлық көпқабатты нысандарды салуда өз септігін тигізеді. Ішкі бөлмелердің бекітпелерін сынақтан өткізген құрылыс компаниясы нәтижеге дән риза.

«Біз дайын бөлмеаралық панельдерді сынадық. Нәтижесі жаман емес. Өнімдеріміз барлық талаптарға сай келіп отыр. 9-12 қабатты үйді тұрғызуға жарайды және беріктігіне көзіміз жетті», - деді  құрылыс компаниясының өкілі Сергей ЧУДНОВ.

Мамандардың айтуынша, Алматыда зілзалаға шыдамды келетін ірі панельді үйлер екен. Есте болса, 2 ақпанда алматылықтар жер сілкінісін сезінген еді. Сол кезде ешқандай құрылым бүлінбеген. Ал бүгінгі сынақ бойынша, құрылыс компаниясы сараптамалық қорытынды алып, жұмыстарын жалғастырады.


Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров