Алматыдағы қонақ үй кешенінің өртену себебі анықталды

27.09.2017 23:54

Алматыдағы қонақ үй кешені тоқтың тұйықталуынан өртенген. Бұл туралы төтеншеліктер мәлім етті. Есте болса, кеше кешкісін Райымбек даңғылының бойындағы қонақ үй кешендерінің бірі отқа оранып, маңайдағы жұртты зәрезап еткен еді. Абырой болғанда, қызыл жалын дер кезінде ауыздықталып, ешкім зардап шекпеді. Өрт 480 шаршы метр аумақты жалмап үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, тілсіз жау қос қабатты ғимараттың үстіңгі қабатынан тұтанған. Ол жерде 10-нан астам отбасы пәтер жалдап, күн көрген. Тұрғындар өрт тұтанғанда тек бала-шағасын жетектеп, тысқа шығып үлгерген. Көпшілігінің құжаттары іште қалыпты. Әп-сәтте нысанды түгелдей шарпыған жалын, бірінші қабаттағы шағын кафені де құрсауына алған. Жалпы өрт кезінде ғимараттан 15 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Үшінші этаждан кішкентай ғана өрт шықты және сол өрт жан-жаққа тарады. Іштегі барлық адамдар шықты, ортасына қарай газ балондар біртіндеп жарыла бастады.

¤Өртті сөндіруге 80-нен астам адам мен 23 бірлік техника жұмылдырылды. Құтқарушылар тілсіз жаумен түнгі 10-ға дейін күресті. Дегенмен, ғимараттың күлі көкке ұшып, жарамсыз болып қалды. Жергілікті тұрғындар дәл осы ғимаратта өрт қауіпсіздігі сақталмағанын алға тартты. Өйткені, нысан бұған дейін де екі рет өртеніпті. Пәтерлерге табиғи газ тартылмаған екен. Тұрғындар газ балонын қолданған көрінеді.

¤«Өртті сөндіру қиынға соқты. Өйткені, аудандық электриктердің желілерді тоқтан ажыратқанын ұзақ күттік. От шатырдың ағаш бағандары арқылы тез жайылып кетті. Бірақ, соған қарамастан 10-ға таяу өртті сөндірдік», - деді ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.