Алматыдағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары марапатталды

05.05.2018 в 00:49

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Алматыдағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары марапатталды. Бас-аяғы 60-тай әскери қызметкерге түрлі медальдар табысталды. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» I-ші, II-ші және III-ші дәрежелі төсбелгілері 14 қызметкерге, Ұлттық Ұланның бас қолбасшы төсбелгісі қызметте үздік атанған бес жауынгерге берілді. Сондай-ақ «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен төрт сарбаз марапатталды. Оған қоса, жыл бойы тынбай еңбек еткен үш адамға Ұлттық Ұлан белгісі бар қол сағат тарту етілді. Әр жыл сайын мереке қарсаңында рухты көтеру үшін марапаттаулар өтеді, дейді әскерилер.

«Алдымызда Ұлы Жеңіс мейрамы және де Отан қорғаушылар күні соған арнап, марапаттау болып жатыр бізде. Әскери қызметшілер де, оның ішінде біздің ардагерлеріміз бар. Сол кісілерге Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық Ұлан бас қолбасшысының марапатауы болып жатыр», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы кадр бөлімінің басшысы Нұрмахан ОРАЛБАЕВ.

Марапаттау шарасы Алматыдағы «Батыр» президенттік полкі басқармасында да жалғасты. Әскери бөлімде мерейлі мереке қарсаңында елеулі еңбегімен көзге түскендерге төсбелгі табысталды. Сондай-ақ Медеу ауданы әкімінің алғыс хатымен 20 шақты әскери қызметкерлер марапатталды. Бүгін Елбасының жарлығымен әскери бөлімнің бір сарбазы «Айбын» орденіне ие болды.

«Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне  деген құрмет әскери қызметшілерде әрдайым үлкен дәрежеде, жоғары деңгейде. Ол кісілердің еңбектерін бағалап, батырлық қасиеттерін көрсету - біздің басты міндетіміз болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында еліміздің, халқымыздың алдында міндеттерімізді жоғары деңгейде атқару және жауынгерлік деңгеймізді ұстауға біздің басты міндетіміз және бізге тікелей қатысты», - деді №0111 Әскери бөлімінің «Батыр» президенттік полкі басқармасы кадр бөлімінің басшысы Төленді КАРБОЗОВ.